Құжатқа қайтыс болғандар да қол қойған

294
Тұрғындар "Жасанды құжат"

Шымкенттегі көпқабатты үй тұрғындары мен коммуналдық қызмет арасында дау туындады. Баспана иелері «3-Энергоорталық» АҚ таратқан түбіртек бойынша төлем жасаудан бас тартып отыр. Өйткені, тұрғындардың айтуынша, төлем жасауға негіз болатын коммуналшылармен арадағы келісім шарт «қолдан жасалған жалған құжат». Олай дейтіні былтыр жасалған келісімге баяғыда қаза болғандар қол қойған. О дүниеден келген құжат төңірегіндегі тартысқа біз де куә болдық .

Тұрғындар "Жасанды құжат"
Тұрғындар «Жасанды құжат» жасағандар жазалануы керек деп есептейді

Қаламыздағы Уалиханов көшесі, № 225 үйдің тұрғындары «3- Энергоорталықтан» келген түбіртек бойынша ақша төлеуден бас тартып отыр. Айтуларынша тілдей қағазда атқарылмаған жөндеу жұмыстары үшін тұрғындар төлем жасауға міндеттелген. Ал, үйдің жертөлесіндегі тесілген құбырлар мен жылу қондырғыларын бүгінге дейін пәтер иелерінің өздері жұмысшы жалдап ауыстырып отырған.

Рима Шмелева, тұрғын: «Естерінен адасқан болар. Неткен сауатсыздық бұл? Менің жеке коммуналдық қызмет түріне ауысқаныма 6 жылдан асты. Жылуды да бөлек төлеймін. Жертөлеге менің үйімдегі құбырлардың қатысы жоқ. Менің атымнан қол қойыпты. Жеке куәлігімнің нөмірін де ойларынан жазған».

Түптеп келгенде, тұрғындар жертөледегі құбырларға қызмет көрсету туралы келісім шартты «жалған» деп отыр. Өйткені онда баспана қожайындарының атынан әлдебіреулер қол қойып жіберген. Ол ол ма, былтыр жасалған келісім-шартқа өмірден баяғыда өтіп кеткендердің де қол қойғаны анықталды.

Светлана Мұрзаева, тұрғын: «Мынау жалған құжат. Анам екеуміз көрші тұрамыз. Екеуміздің атымыздан да қол қойыпты. Жеке куәліктің нөмірі де сәйкес келмейді. Тіпті осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болғандардың да қолын қойып жіберген. Ал мынау құжат 2012 жылы түзілген. Сонда ол көрден келіп қол қойған ба?».

Жертөленің кілті қалтасында жүретін тұрғынның айтуынша осы уақытқа дейін жертөледе жөндемек түгіл тексеріп келген адам болмапты. Төлем түбіртектерін жіберіп отырған “3-Энергоорталық” АҚ басшылығы көпқабатты пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жиі жүргізетінін айтады. Ал, келісім-шартты оларға әкімдіктен әкелетін болып шықты.

Сайлаубай Жақыпов, “3-Энергоорталық” АҚ Бас директорының орынбасары: «Хаттама түзілген соң, олар бізге келісім -шарт әкеліп береді. Әкімшіліктің адамдары. Келісім-шарт әкеліп бергеннен кейін біз тағыда басқа қызмет жасайтын ЖШС-лармен бірге келісім-шартқа тағы отырамыз. Солар бізге жөндеу жұмыстарын атқарып береді”.

Аталған құжатқа қол қойған Еңбекші ауданы әкімдігінің бас маманы бұл жәйттен мүлдем бейхабар болып шықты. Қойылған қолдың әрқайсысын тексеруге уақыттың тарлығын тиек еткен шенеунік «Менің жұмысым тек қол қою» дегеннен әріге аса алмады.

Нұрлан Бектұрсынов, Еңбекші аудандық әкімдігінің бас маманы: «Мен енді оны қазір айта алмаймын, почему, потому что мен өзім жүрген жоқпын ғой, мен бүткіл үйлерге жүре алмаймын. Беріп жібереміз, бізге алып келеді. Былтыр бір мектептің мұғалімдері еді, солар бізге жәрдем берген по-моему солар алып келген. №44 мектеп еді».

Айналып келгенде, әдеттегідей бәріне қол жинау науқанының «қара жұмысшысына» айналған мұғалімдерді кінәлайды атқамінерлер. Ал, құжатты жалған деген тұрғындар енді оны қолдан жасағандарды табу үшін сотқа жүгінбек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jM9mFYOLB3I[/youtube]