Қарашаның 2-нен бастап облыстық өлкетану мұражайы мен көркемсурет галереясы бірлесіп осындай атаумен мәдени көрме көшін бастады. Атының өзі айтып тұрғандай іс-шара Ел егемендігінің 20 жылдығына арналған. Облыс орталығына күнде келуге мүмкіндігі жоқ ауылдағы ағайын баба мұрасының көші өз өлкелеріне келгеніне қуанышты. Мәдени керуеннің Бәйдібектен бастау алуына ондағы оқушылар да риза.
«Бабалар аманаты», «Алаш арыстары», «Кенішті Оңтүстік», «Туған жер бояулары» мен «Тәуелсіздік шежіресі». Бұл керуеннің негізгі бөліктері. 500-ден аса жәдігерді 5 түрлі топтамаға сыйғызған мәдениет жанашырлары ауылдарды аралап, көнеден жеткен көнекөзді кейінгіге көрсетіп, түп-тұқиянымыздың бай қиялды болғанын тағы бір паш етуді мақсат тұтыпты. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекованың айтуынша, өткенімізді тарихи кітаптарды оқыту арқылы ғана емес, сол замандағы жәдігерлерді көзбен көрсету арқылы да бере білуіміз керек. Құнды дүниені көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсер алған жеткіншектердің өзгелермен салыстырғанда патриоттық санасы кең болмақ.
Көрмені тамашалап өткен заманға сапар шеккендей әсерде қалған бәйдібектік оқушылар мұнда қойылған әрбір зат біз үшін таңсық дүние дейді. Іс-шара барысында қазақ әйелдерінің зергерлік бұйымдары ілінген бөліктен көзін айыра алмай қалған оқушының бірі Гүләйім Айызханова ата-бабалар қиялының тым биік әрі бай болғанына разы екенін айтып ағынан жарылды бізге.
Гүләйім Айызханова, оқушы: «Біздің ауданымызға мұндай мәдени керуеннің келуі алғаш рет. Облыс орталығы Шымкент алыс болған соң жолымыз түскенде барсақ та, ондағы мұражайларды көру есімізден де шығып кететін. Мені айрықша әсерге бөлеген қыз баласына арналған зергерлік бұйымдар. Осындай сәнде жасалған сақина, жүзіктерді таққанды өз басым қатты ұнатамын.
Негізінен облыстық өлкетану мұражайының қорында 200 мыңнан аса экспонат бар. Мұнда қойылған заттарды теңіздің тамшысындай ғана деуге болады. Көрсетуге әкелген жәдігерлердің ішінде ең ежелгі ескерткіш деп сақ дәуірінің алқасын айтуға болады. Алтын мен күмістен жасалған бұйымның аты «Электра» деп аталады екен. Көргенде көздің жауын алатын жәдігерлер кез келген кісінің жанын рухтантырып жіберетіндей әсері бар.
Бақберген Төлешов, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы: «Қазақ халқының тарихы, мәдениеті бай екенін, тіпті дамыған мемлекеттерден де біздің мәдениетіміз жоғары екенін бұрыннан білетінбіз. Соны облыстық мәдениет басқармасы бүгін одан сайын тереңдетіп отыр. Қазақ елінен шығатын пайдалы қазбалардың сан түрін, қала берді бабаларымыздың қолынан шыққан түрлі бұйымдарды көріп, өзім бір марқайып қалдым. «Тәуелсіздік шежіресі» бөлігінен егемендік алып, еңсе тіктегелі атқарылған жұмыстардың тарихи сәттерін көру арқылы, жадымызды жаңғыртудың өзі неге тұрады десеңізші?! Ұйымдастырушылар алқасына алғысым шексіз.
«Тәуелсіздік белестері» керуені мұнан соң, Созақ, Ордабасы секілді өзге де аудандарға жол тартады. Сөйтіп, қарашаның 27-нде облыстық өлкетану мұаражайында аталмыш іс-шара нәтижесі қорытындыланады. Одан соң «Жұлдызды 20 күн» мерекелік шарасы жалғасын таппақ.