Елбасы Тимур Құлыбаевты отставкаға жіберді

Тимур Құлыбаев
Тимур Құлыбаев

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Мұндай кадрлық өзгеріс желтоқсанның 16-сы күні орын алған Жаңаөзен оқиғасымен байланысты.

Өйткені «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры Қазақстанның ең ірі мұнай-газ барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаушысы «Қазмұнайгаз» компаниясының 100 пайыз үлесіне ие. Сондықтан ондағы жағдайдың жайын тарқатуға Құлыбаевтың құзыры жеткілікті болатын.

Бірнеше күнге созылған толқу кезінде, ресми есеп бойынша, 15 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған болатын. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, бұл оқиғаларға мұнай компаниялары жұмыстан шығарған жұмысшылардың ереуілі түрткі болған.