Қорабынан шығып үлгермеген сужаңа пешті күзетшілер жарылыс құрылғысына балапты. Оны «Мега Орталықтың» ең төменгі қабатына сауда үйіне келген сатып алушы ұмытып, қалдырып кеткен.
Сауда үйіндегі күзетшілердің бірі күдікті қорапты көріп, полицияға хабарлаған.
Еске сала кетейік, ОҚО ІІД-нің кезекші бөліміне таяуда аталған сауда орталығынан күдікті хабарлама келіп түскен болатын. Сөйтіп, оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері, құтқарушылар, қарулы күштер құрылымы жөнелтілген еді. Жарты сағаттың ішінде саперлар шұғыл хабарламаның жалған екенін анықтап, ғимарат ішіне келушілерді кіргізуге рұқсат берді.
Нәтижесінде, із кезушілер күдікті қораптың өзге дүкеннен сатып алынған электр пеші екенін анықтаған. Қорап ішінен сатып алғандығын растайтын арнайы түбіртек те табылыпты. Ғимараттағы бейнекамераның жазып алуынша, шамамен 40-45 жастағы әйел көлік тұрағы үшін есептесіп, жаңа пешін ала кетуді ұмыт қалдырған. Әл-Фараби аудандық прокурорының орынбасары Бақытжан Төлеевтің сөзінше, күзет қызметі міндетті бақылауын дұрыс атқарған.
Азаматшаның артынша пеші үшін қайта келгендігі анықталды.