30-қараша дүниежүзілік СПИД дертімен күресу күні. Атаулы дата оңтүстіктің дәрігерлерін де бей-жай қалдырған жоқ. ОҚО денсаулық сақтау басқармасының ғимаратында ана мен бала денсаулығын қорғау, СПИД орталығы және ана мен бала орталығының жауапты мамандары бас қосып, аталған ауру төңірегіндегі мәселелерді талқыласты.
Бүгінгі таңда СПИД орталығының тізімінде тұрған ағзаның иммундық тапшылығына ұшырағандар екі мыңнан асып жығылады. Көрсеткіштің төмендемеуі қынжылтқанымен, науқастардың барлығы да өз денсаулықтарына үлкен жауапкершілікпен қарайтындықтары қуантады дейді дәрігерлер.
Оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамту, емдеу шараларында ешқандай проблема жоқ. Тек ВИЧ инфекциясын жұқтырып алу фактілері азаймай отырған көрінеді. Ол бейберекет жыныстық қатынас пен есірткі заттарын бір құралмен пайдалану сияқты жұқтыру жолдары. Әсіресе, аналар мен жүкті әйелдер бұл дертті жұқтырып алу қауіпі 72 пайызға өсіп отыр. Сондықтан, барынша әрбір адам өз-өзіне мұқият болу керек дегенді айтты дәрігерлер.