Миграциялық полиция мен Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тұрғындарға үндеу жариялады. 2012 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап жеке сәйкестендіру нөмірінсіз жеке құжаттар жарамсыз деп табылады. Сонымен қатар шенеуніктер азаматтарды мекен-жай мәліметтерін де түзетуге шақырады.
Жеке сәйкестендіру нөмірін барлық азаматтардың алуы міндетті емес. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығында даурығудың қажеті жоқ дейді миграциялық полицейлер. Жеке куәліктерін тек 1997 жылдың тамыз айына дейін алғандар ғана қайта рәсімдейді.
Балтабек Аблаев, ОҚО Ішкі істер департаменті Миграциялық полиция басқармасының бастығы: «ЖСН рәсімдеу және алу тегін. Ал балалар мен жасөспірімдер үшін бұл жұмыс көрсетілген графика бойынша жүргізіледі».
Бұдан бөлек барлық ел азаматтары мекен-жай мәліметтерін түзету үшін де ХҚКО-на барып, сонда жүзеге асыруы тиіс. Тұрғындар өзімен бірге жеке басты куәландыратын құжат, азаматтарды тіркеу кітабын, ол болмаған жағдайда мекен-жайлық анықтаманы алып баруы керек.
Балтабек Аблаев, ОҚО Ішкі істер департаменті Миграциялық полиция басқармасының бастығы: «Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасайтын қызметкерлер тобы құрылуда. Олар азаматтардың үйлеріне барып, құжаттарды рәсімдеуде».
Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар 2012 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, тұрақты мекен-жай туралы анықтамаларды электронды түрде жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорынан алуды жоспарлауда.