«Арай-2012» ән байқауы жас таланттарды анықтады

«Арай-2012» ән байқауы өз мәресіне жетті. 2012 жылдың 24-ақпан күні Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің мәдениет сарайында  өткен өнер сайысында 44 үміткер бағын сынады. Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Оңтүстік – жас таланттар ордасы» жастар фестивалінің аясында өткен эстрадалық ән байқауына облысымыздың барлық өңірлерінен жаңадан қанат қағып, өнер айдынына жас әншілер қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін конкурсқа биыл облыстағы аудандар мен қалалардан 100-ге жуық тапсырыс түскен. Олардың ішінде Ордабасы, Арыс, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек аудандарынан келген үміткерлерді іріктеу кезеңі  17 ақпан күні Шымкент қаласындағы облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында өткізілді. Ал 8 ақпан күні Түркістан қаласы мәдениет үйінде Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ, Отырар аудандарының үміткерлері арасында екінші іріктеу кезеңінде 16 үміткер бағын сынауға жолдама алған болатын.

Байқауға Әбдіхан Нұрмаханбетов, Құралай Сәтмұханбетова, Әлімбай Ботақараев, Балзия Абирова, Нұржан Жүсіпбеков сынды азаматтар әділ қfзылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шығып, барша халықты өнерімен тәнті еткен төлебилік Самал Еділбаева бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды мақтаралдық Асылжан Өстеміров пен шымкенттік Жарқынай Шалқарова  өзара бөлісті. Ал екінші орын  Шымкенттен барған Жауқазын Нұрбекова мен Түркістан қаласының тумалары Балжа Бидаш және Ғалымжан Абдукаримовқа бұйырды. Үшінші орынның тұғырынан 4 әнші көрінді: Жұмабай Әбілтегі Жұмабай (Бәйдібек ауданы),  Әділет Бимұрзаев (Сайрам ауданы), Әуесхан Әбдіхан  (Арыс қаласы), Феруза Сәрсенбиева (Шымкент қаласы).

Жүлделі орындармен бірге, ынталандыру сыйлықтары беріліп, үміткерлер түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

Олар: Түркістан қаласы әкімінің арнайы сыйлығын Ақынбекова Нәбира (Шымкент қаласы),                                                                                                    «Арай-2012» аруы номинациясын Усманова Альмира (Түркістан қаласы); Көрермен көзайымы» номинациясын Кішкенова Гүлнұр (Бәйдібек ауданы);«Үкілі үміт»  номинациясын Мәменов Әлімжан (Төлеби ауданы); «Өнерлі өрен» номинациясын Арыстанбекова Динара (Шымкент қаласы); облыстық мәдениет басқармасының сыйлығын Орынбаева Таңшолпан (Отырар ауданы);                                                                                         Ынталандыру сыйлығын Фахридинова Хадиша (Шымкент қаласы) иемденді.

Киелі Түркістан қаласын әнге бөлеген байқау 7 сағатқа созылып, түнге дейін жалғасын тапқан. Бұл жастардың өнерде қанатын қатайтып, ән әлемінде биікке самғауына мол ықпал еткені сөзсіз.