«Балалар қылмысқа қарсы» акциясы басталды

247

Бүгін облыс көлемінде «Балалар қылмысқа қарсы» атты акция басталды. Он күнге созылатын кең көлемді іс-шараны Шымкент қаласының оқушылары бастап берді.

№87 жалпы орта мектебінің базасында ұйымдастырылған шараға Он-лайн байланыс та жасалды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың, қаңғыбастық пен қараусыздықтың алдын алу мақсатындағы бастамаға облысымыздағы барлық мектеп оқушылары үлес қоспақ.

Жания Алиханова, облыс прокурорының аға көмекшісі: «Рас, жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршіп барады. Мұны өткен жылғы қорытынды көрсеткіш байқатып отыр. Осы ұйымдастырылып отырған он күндік нәтижесінде түнгі уақытта көшеде жүріп, немесе өылмыс жасап қолға түсетін болса, онда олардың ата-аналарына қатаң ескерту беріліп қана қоймай, құқықтарынан айруға дейін барамыз. Егер ата-аналарға ол бала керек болмаса, онда мемлекетке керек. Сонадақтан өзіміз жіті қадағалауға бел будық.»

Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны күрт өскен Түркістан, Қазығұрт, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында ауқымды бас қосулар өткізіледі.

Өткен 2011 жылы облыс көлемінде барлық мүдделі органдардың жоспарға сәйкес бірлесе атқарған іс-шаралардың нәтижесіне қарамастан, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 28,4 пайызға немесе 331-ден 425-ке өскені қатты алаңдаушылық тудыруда. Осыған байланысты дер кезінде облыс әкімдігі барлық мүдделі органдарды тарта отырып, осы ауқымды іс-шараны ұйымдастырып отыр.

Серік Әуесханов, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары: «Елбасы Жолдауының өзінде де бала тәрбиесіне көңіл бөлу жолға қойылды. Сондықтан облыстағы барлық басқармалар қосылып, осы іс-шараны бастап отырмыз. Нәтижесін береді деген ойдамын. Әрине, бұл маусымдық жұмыс емес, сол себепті бала тәрбиесімен үдемі жұмыс істеп тұру қажет.»

Ал 18-ақпан күні облыстық Ж. Шанин атындағы драма театрының алаңында 2 мыңнан астам оқушылардың қатысуымен акцияның қорытындысы ұйымдастырылмақ.