Шымкенттіктер жәрмеңкеде аязда сауда жасады

236
жәрмеңкеге жиналғандар көп болды

Аязды ауа-райына қарамастан  Шымкентте дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Сатушылар сағат 9-да өнімдерін жайғастырып, қызмет көрсетуге дайын болды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылының шаруасы Перне Егембердиев қалаға таңсәріден шыққан. Қой етін тез сатып ауылға оралмақ болған оған, енді біраз аялдауға тура келді.

Перне Егембердиев, Қазығұрт ауданының шаруасы : «Қар қалың. Асудан әрең өтіп жеттік, әйтеуір. Жәрмеңкеге ылғи келіп қатысамыз. Етіміз тез өтетін еді, бүгін аяз болған соң, сатып алушылар да көп емес. Бала-шағаның қамы, Құдай қаласа , барлығын сатып үлгеретін шығармыз».

Натаья Василевич, қала тұрғыны: » Суық. Амал нешік, тамақ керек. Бізді қоя берші, қажетті заттарымызды алып, үйімізге қайтамыз. Сатушылар тоңды. Мына аязда қалай жылынады. Пима киіңдер деп оларға кеңес те айттым. Көкөніс пен жеміс мына суықта үсіп те қалған шығар».

Ет өнімдерін  қырау басқан. Қалалықтар тиімді бағадағы өнімді сатып алуға асығуда. Өткен жыл жемісті жыл болды, сондықтан болар алмаға баға 110-200 теңге төңірегінде. Картоптың да бағасы қолжетімді. Келісі45-60 теңге аралығында. Сауда қатарында күнделікті тұтынатын азық түлік түрлері әлеуметтік бағамен сатылуда. Пияздың келісі 40 , сәбіз-50, ал картоп болса 45 теңгеден. Жәрмеңкедегі еттің бағасы сауда орталығындағы бағамен іспеттес. Алайда, ташкенттік қияр мен қызанақтың бағасы тым жоғары. 600-800 теңге. Жалпы баға тиімді дейді қалалықтар.

Қала әкімдігіне талап қоюда.  Ол-тез арада  жылжымалы биодәретханаларды орнату. Әйтпесе мына  аязда  мега және оқушылар орталығына  жүгіріп, әбігерге түстік дейді олар.