Тандыр жасаумен айналысатын кооператив бар

Мақтаарал ауданында кәдімгі нан жабатын тандыр жасап сатуды кәсіп еткен кооператив бар. Себебі, тандыр жасаудың өзі кез-келгеннің қолынан келе бермейтін өнер.

Табыс табамын деген адамға кедергі жоқ. Қайта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілер көмек көп. Әйтсе де бүгінгі жастарымыз шаштаразшы, етікші, суретші, наубайханашы деген кәсіптерге әсте жоламайды. Табысы мол екенін білсе де, намысы құрғыр жібере бермейді. Бүгінгі нарық заманы кәсіп таңдамайтындығы қаперлеріне де кіріп-шықпайды.

Ал жетісайлық Тұрғанбай Ізбасаров дейтін азамат сонау, 1990 жылы-ақ «Тандыр» деген кооператив құрып, содан бері тандыр соғумен айналысып келеді. Қазір білесіздер, тандырға деген сұраныс басым. Нан тандыры, самса тандыр, пәтір тандыры дейсіз бе, түрі де көп. Ал тандырды екінің бірі жасай алмайтыны анық. Оған да бап керек, шеберлік керек. Оның үстіне тандырға Жетсайдың сортаң топырағы тағы жарамайды. Ол үшін саз топырақты Сарыағаштан тасуға тура келеді. Илеуі келіспесе, тағы болмайды.

Ал тандыршы – Тұрғанбай болса мұндай өнерді кезінде Өзбекстанда жүргенде үйренген. Тандыр соқпас бұрын саз балшықты әбден илеп, иінін қандырады. Содан соң түбіті алынған ешкінің қыл жүнін араластырып, қайта илейді. Бабына келген балшықты қалыпқа жапсырып, кебуін күтеді. Осылайша, әр айда 60-70 тандыр даярлайды. Дайын тандырларды алдын ала тапсырыс бергендер өздері алып кетеді. Тандыр соғып, табыс тауып жүрген Тұрғанбайдың пысықтығына төңірегіндегілер қызыға қарайды. Кооперативте әзірше 7 адам тұрақты жұмыс істейді