Әбдуәлиевте әрекет бар

  Осыдан тура 2 жыл бұрын «екінші Швейцария» атанған Түлкібас ауданының әкімі болып, Қайрат Әбдуәлиев тағайындалды. Алғаш елеусіздеу көрінген жаңа басшының аяқ алысын аңдыған көпшілік Қайраттың жас та болса қайратты, істің адамы екенін байқаған соң, көңілдері орындарына түскендей болды.

Түгін тартса майы шығатын, табиғатымен тамсандыратын Түлкібас-талай тума таланттар мен ел басқарған аптал азаматтардың мекені. Бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері қоныс тепкен қасиетті өлкенің халқы да еңбекқор, ешкімге алақан жаймай, несібелерін көктен емес, жерден тілеген жандар. Өнеркәсібі өркен жайған, ауылшаруашылығы айтарлықтай дамыған, құрылысы қарқын алған аймақта кәсіпкерлер де қаражаяу емес. Ауданда шағын және орта бизнесті шыр айналдырып отырғандар саны 5768-ге жетіпті. Ал, шағын кәсіпкерлікті кәсіп еткендер 14753 екен. Жергілікті бюджетке 116,3 миллион теңге салық түсімдерін түсіре білген кәсіпкерлер өткен жылы 1165,2 млн. теңге көлемінде пайда тапқан. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы мен «Экспорт-2020» бағыты бойынша кәсіпкерлер үлкен қолдауға ие. Себебі, аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің өзі де әкімдік қызметке келгенше кәсіпкерлікпен шұғылданған, мемлекеттік қызметтерде болған, кәсіпкерлердің жағдайын бір кісідей білетін азамат. Ауылшаруашылығы саласын да көтеруге ден қойған әкімнің бұл әрекеті құптарлық.

Түлкібас-таулы аймақ. Әйтсе де 2011 жылы 19377 гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың гектар түсімділігі 18,1 центнерден айналып, барлығы 35072 тонна өнім жиналды. Бұл жақсы көрсеткіш. 12 млрд. 366,2 млн. теңгенің өнімін өндіре білген диқандардың мұндай табысқа жете білуінің бір кілті-жаңа технологияға ден қою, тамшылатып суаруды қолға алу, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру, ауыспалы егіс көлемін ұлғайту. Мұның барлығы жүзеге асқан тірліктер болғандықтан, ендігі кезекте жылыжай аумағын үлкейту ісі қолға алынды. Келешекте 10 гектар жылыжайдан алынатын көкөніс түрлері Түлкібастың әр тұрғынының дастарханынан орын алары анық. Ауданда мал басы анағұрлым артқан. 14428,3 тонна ет(тірідей салмақта), 45821,4 тонна сүт, 16млн. 693 мың дана жұмыртқа, 2241,2 тонна жүн алу жолында шаруалар аз тер төкпеді. «SAS-TOBE Technologies» ЖШС-і цемент өндірісін 102%-ға, «Састөбе-Цемент» әк тасын 115,2%-ға, «Түлкібас әк зауыты» әк өндіруді 120,1%-ға, «Үміт-СД» ЖШС-і әк өңдеуді 3 есеге арттырды. Ал, «Авеню» вермикулит өндірісін 2 есе, «Балықты кірпіші» серіктестігі күйдірілген кірпіш өндіруді 102,1%-ға орындаған. Қиыршық тас өндіретін «Курс», Эко-МТ, «Бәйтерек-2030», «Тас Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен жеміс-жидек өнімдерін шығаратын «ЭкоПродуктГрупп» АҚ-ы, полиэтилен құбырларын дайындайтын «Стас и К» ЖШС-і аудан бюджетіне табыс құюмен қатар, жұмыссыздықты ауыздықтауға сеп болуда. Ауыл мәселесін ауылда өскен жан біледі. Түлкібаста таланттар көп. Сондықтан әр ауылдағы мәдениет ошақтарының талапқа сай болуы, көркемөнерпаздардың жағдайын жасау, тұрғындардың демалыс сәтін тиімді ұйымдастыру, мұның бәрі аудан әкімінің назарынан тыс қалып көрген сәті жоқ. Жекешеленіп, кеткен Жабағылы, Жыланды ауылдық клубтарының ғимараттары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ақбиік, Керейт, Балықты ауылдық клубы мен мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп, көпшіліктің көңілін көтерер орындарына айналды. Халықтың денсаулығы жолында да аз жұмыстар атқарылмады. Елбасының саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы тапсырмасына орай, Састөбе, Келтемашат, Майтөбе ауылындағы спорт ғимараттары аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансына алынып, жөндеу жұмыстарына 63,0 млн. теңге бөлінді. Алдағы кезде жаңадан заман талабына сай 4 футбол алаңын ашу жоспарланған. Және әр ауылдарда футбол алаңдары мен спорт алаңшалары пайдалануға берілмек.

Түлкібастың табиғатына тамсанбайтын жан жоқ шығар, сірә. Жыл өткен сайын мұнда ағылған саяхатшылар саны да арта түсуде. Негізінен Түлкібасты туризм аймағына айналдыру үшін ауқымды жобалар қолға алынған. Өткен жылы 2122 саяхатшы ауданның көрікті жерлері мен әсем табиғатын тамашалауға келіпті. Оның 770-і шетел азаматы болса, 1352-і еліміздің әр түкпірінен келгендер. Туризм саласының басты бөлігі Жабағылы ауылында шоғырлануына байланысты, 7 гектар жер бөлініп, жаңа саяхат аймағы ашылмақшы.

Әкімдік орындыққа отырғалы бергі екі жыл Қайрат Әбдуәлиев үшін аз да, көп те уақыт емес. Әйтсе де, әрекетсіз қалмаған әкім Түлкібасты аз да болса өрге сүйрегені ақиқат. Әлі алар асуы, шығар биігі бар оның алдында биік меже бары да рас.

 

Ердәулет Тұрапбекұлы

Газет анықтамасы:

Түлкібас аудандық әкімдігінің

телефоны –  8 (725-38) 53-300; 52-496