Мен туберкулезді тоқтата аламын

Командалар туберкулезбен күресудің жолдарын ұсынды

Туберкулез – əлемдегі ең көп жұқпалы аурулардың бірі. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметі бойынша жер бетіндегі бүкіл халықтың 1/3 бөлігі туберкулез бактериясын жұқтырған болса, жыл сайын шамамен 8 млн.-нан аса өкпе қабынудың жаңа жағдайлары тіркеледі. Шамамен 2 млн. адам аталған аурудан көз жұмады екен.

Туберкулезбен күресуде барлық оқушылар ат салысты

24 наурыз «Дүниежүзілік туберкулезбен күресу күніне» орай қаламызда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыурымен «Мен туберкулезді тоқтата аламын» атты кең көлемді акция өтті. 1000-ға жуық мектеп оқушыларының жаппай қатысуымен өткен шара бір ай көлемінде жүргізілді.

«Оқушылар өз денсаулығына, өміріне жауапкершілікпен қараса дейміз. Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз да осы. Белсенді көшбасшыларымыз акцияға қатысу барысында көңілдеріне түйіп, кейін сыныптастары мен жолдастарына, құрбыларына айтса екен дейміз»,- деп, ойымен бөлісті облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынының маманы Зәуре Мусирова.

Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, т. б туберкулезден қайтыс болған атақты адамдар  туралы үгіт- насихат шаралары мен аурудан айығу жолдарын, оның алдын алу  жұмыстарын көрсеткен оқушылар команда болып бақ сынасты. Олар жұқпалы дертпен қоғам болып, бірге күресуді ұсынды.

Дене қызуының басылмауы, шаршау, салмақтың кемуі, жиі терлеу, түнгі тершеңдік пен ауырсыну, асқа деген тәбеттің қашуы, қан түкіру. Осындай белгімен анықталатын ауруды көріністе  № 75 мектептің оқушылары соттай отырып, оны тоқтатуды сахналады. Акцияға белсене қатысқан оқушылар салауатты өмір салтын қалайтынын дәлелдеді.

Туберкулездің алдын алуға бағыттылған айлықтың қорытындысында акцияға белсене қатысқан №7, 18, 25, 47, 72, 75, 15 мектептің көшбасшылары ерекше аталып өтілді. Ал ұйымдастырушылар осындай шара арқылы жұқпалы дерттің алдын алуға үлес қоспақ.