Спорт нысандары қалтаны қақты

бассейннің құрылыс желтоқсанның 16-сына аяқталады

 Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында әкімдерге халықтың денешынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімді болуын жергілікті жерде шешуді тапсырған болатын. Осыған орай, өңірімізде сең қозғалып, қандай жұмыс атқарылып жатыр? Спорт кешендерінің бүгінгі ахуалы қандай?

“Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп. Осы спорттық ғимараттардың бәрін де қолжетімді ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын!»,- деген Президенттің тапсырмасы елдегі жағдайға зер салып, болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін қолға алынған батыл бастама. Бұқара халықты жаппай спортқа тартуды алғаш үгіттеген де Елбасы. Ендеше, бүгінде облыстағы спорт нысандарының қазіргі жай-күйі туралы әңгіме қозғайық. Оңтүстікте демографияның үлесі басым болғандықтан, спорттық инфрақұрылымның саны да, әлеуеті де кісі қызығарлықтай болуы тиіс.

Қазір облыста жалпы саны 4649 спорт ғимараты халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылдың өзінде 686 нысан іске қосылды. Оның ішінде 21 стадион, 1 спорт сарайы, 3 оқу-жаттығу орталығы , 29 спорт кешені, 22 жүзу бассейні бар. Ал спорт залдарының саны 748-ге жетті. Спорт манеждері – 6 болса, оның 4-і – жеңілатлетикалық, 2-і – ат спортына арналған. Төлеби ауданының аумағында «Тау самалы» шаңғы базасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауданда құрама командалар үшін оқу-жаттығу орталығы саналатын «Бәйшешек» МКҚК бар. Былтыр «Бәйшешек» спорттық – сауықтыру кешенінде ойын және бокс залдарын салу үшін облыстық бюджеттен 153 млн. теңге бөлініпті. Шалғай ауылдарды айтар болсақ, облыста 3744 спорт ғимараты топырақ кешіп жүрген ауыл балаларының ермегіне айналған. Үш миллионды алқымдаған қазыналы аймақ үшін бұл көрсеткіш аз ба, көп пе, өзіңіз бағамдай беріңіз. Өкінішке орай, кейбір мектеп оқушылары салауатты өмір салтын ұстану үшін сабылып кетеді екен. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, еліміздегі мектептердің 26 %-ында спорт залдары жоқ. Демек, бұл білім ошақтарында көктем мен күздегі жауында, қыстағы қақаған аязды күндерді денешынықтыру пәні өтпейтінін көрсетеді. Ал жаздың үш айы – демалыс. Сонда олар қай уақытта спортпен шұғылданбақ? Әлде мектеп оқушыларының төрттен біріне дене тәрбиесі ұғымын кітаптан оқып берумен ғана шектелмекпіз бе?

Сонымен бірге, кейбір спорт нысандарының қарапайым халықты қанап жатқандары жанға батады. Олар тек кәсіпқой спортшыларға тегін қызмет көрсетеді де, әуесқойлар үшін алақанын жаяды. Елбасының осы мәселе бойынша айтқан пәрменді ұсынысына әлі де болса көз жұма қарайтындар бар. Кеудесінде намысы бар қазақ балаларының болашағын ойласақ, бұл мәселенің түйінін дер кезінде шешуіміз керек.

Қазір бұл мәселе Парламентте қаралып жатыр. Сенатор Ақан Бижанов «Денешынықтыру және спорт туралы» заңын талқылау барысында «Ауылдағы спортты дамыту ісіне көңіл бөлмесе, Қазақстанның атын әлемге асқақтатқан кәсіби спортшыларымыздың ізбасарларын жоғалтып алумыз ықтимал»,- деп мәлімдеді. Ал ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Амангелді Ермегияев денешынықтыру және спортпен айналысу халықтың жекелеген санаттарына қолжетімді болмай отырғандығын меңзеді. Осыған байланысты агенттік басшысы Үкімет, облыс, қала және Астана мен Алматы әкімдеріне спорттық кешендердің қолжетімді болуын қамтасыз ету жөнінде міндет қойды.

Рас, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуіміз үшін халықты бұқаралық спортқа тартуымыз ләзім. Бұл жағдайда бар мәселе спорт кешендерінің қолжетімділігі және материалдық-техникалық базасының талапқа сәйкестігіне келіп тірелері белгілі. Осы мәселе бойынша, облыста әлі де болса атқарар шаруа шаш-етектен. Әсіресе, Бекзаттай ұлды түлетіп ұшырған мекенде халықаралық жарыстарды өткізетін бір бокс сарайының жоқтығы өзекті өртейді. Ұйымдастырушылардың кішігірім республикалық жарыстарды өткізу үшін » Мұз сарайын» жалға алатынына куә болып жүрміз. Өз алдына дербес, халықаралық талапқа сай заманауи бокс кешенін тұ.рғызсақ, ешкімге тәуелді болмай, дүркіретіп сайыс өткізер едік. Осындай бәсірелі бәсекелерді тамашалаған жұрттың спортқа аңсары ауатыны да рас. Сонымен қоса, шетелден келетін саяхатшылардың де саны артып, туризм индустриясын да аяққа тұрғызып алуға болар еді.

 Т. ҚАСЫМ

 

Облыс ақсақалдарының жарысы

Елбасымыздың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында денсаулық мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Оның ішінде дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуға мүмкіндік жасау үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейтуге орай әкімдерге нақты тапсырмалар берілді.

«Соңғы жылдары»,- делінген Жолдауда,- Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп. Осы спорттық ғимарттардың бәрін де қолжетімді ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын».

Бұл күндері дене шынықтыратын, салауатты өмір салтын қалпына келтіретін жеңіл спорт ғимараттарының бәрі дерлік жеке адамдардың қолында. Әсіресе, қариялардың да, жастардың да сүйіп ойнайтын спорт түрлерінің бірі – бильярдты ойнауға екінің бірі қолы жете бермейді. Қымбат. Қалта көтермейді.

Міне, осындай кезеңдерде жаны жомарт, қолы ашық азаматтардың игілікті ісін аса қошеметпен айтпасқа болмайды. Солардың бірі әрі бірегейі – «Айжарық» компаниясының президенті, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Әмірбеков. Ол «Айжарық» бильярд клубында аптасына үш рет, таңертең сағат 11-ден 15-ке дейін қарияларға тегін ойнауға үш стол бөліп қойған. Ақсақалдар армансыз шар қуып, белдерінің құрыс-тырысын жазып, еркін демалып, рахаттанып қалады.

Талғаттың тағы бір азаматтығы – облыс, республика көлемінде бильярд спортынан ауық-ауық қариялардың жарысын өткізіп, жүлдегерлерге сый-сияпатын жасайды, ас мәзірін ұсынады.

Міне, осындай жарысты Талғат биыл да өткізуді қолға алып отыр. 31 наурызда, сағат 10.00 -де «Айжарық» бильярд клубында облыс қарияларының екі топқа бөлінген жарысы өтпек. Жарыс 63 жас пен 74 және 75-тен жоғары жас аралығында өткізіледі. Бұл жарыстың тағы бір ерекшелігі – мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуы құрметіне арналып отырылғандығы. Жарысқа 40-тан аса дөңгеленген шарларды ұршықша үйіретін қас шеберлер қатысады деп күтілуде. Алғашқы жүлделі үш орынға ие болғандар Алматы қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысады.

Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының бильярд спорты жөніндегі федерациясы, облыстық ардагерлер кеңесі және «Айжарық» бильярд клубы 63 жастан жоғары қарияларды 31 наурызда, сағат 10.00 -де бильярд спортынан өтетін жарысқа шақырады.

Келіңіздер, демалып, көңіл көтеріп қайтыңыздар! Бәлкім жеңіс биігінен көрініп те қаларсыздар!

  Ақпараттар

Балуандардың жарқын жеңісі

Шымкенттің шымыр балуандары кеншілер қаласында тәуір нәтижеге иек артты. Еркін және грек-рим күресінен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен Қазақстан біріншілігінде жерлестеріміз 3 алтын, 10 күміс және 3 қола жүлде олжалады. Еркін күрес шеберлері Мәулен Тасқожаев (55 келі), Қайыржан Пернеев (84 келі) пен Әліби Қаныбаев (120 келі) барлық қарсыластарын сыпыра ұтып, ел жеңімпазы атанды. Жарыстың қорытындысында 3 алтын еншілеген еркін күрес құрамасы жалпы есепте бірінші орынды иемденсе, грек-рим күресінің балуандарына бұйырғаны – үшінші орын.

«Ордабасының» ойыны кейінге қалдырылды

Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтуі тиіс болған «Ордабасы» мен «Астана» командаларының кездесуі кейінге қалдырылды. Оған ұйытқып соққан ақ ұлпа қар себеп болған. Алаңды қардан тазарту жұмыстары жүргізілгенімен, ақ түтек боран теңбіл доп тебуге мүмкіндік бермеді. Сол себептен ойын тоқталды. Осыдан кейін «Ордабасы» командасының жанкүйерлері мен «Астана» құрамасының пресс-аташесі арасында келіспеушілік орын алған. Біздің жанкүйерлер стадионнан кетпек болған «Астана» футбол клубы автобусының жолына бөгет болған. «Мен жанкүйерлерді сабасына түсірмек болып, автобустан түскенім сол еді олар маған жабыла кетті. Қақтығыс болды. Бірақ мен құқық қорғау органдары мен дәрігерлерге барғаным жоқ», — депті «Астана» командасының пресс-атташесі Дмитрий Нестеренко. Егер елордалық клуб осы туралы Қазақстан футбол федерациясына жазбаша түрде мәлімдегенде «Ордабасы» ФК-ы қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болар еді. Бұл кездесудің қашан өтетіні әлі нақты шешілген жоқ.