Қарабастаудағы тасқыннан зардап шеккендер арнайы комиссияның жұмысына наразы

Қарабастау. су тасқыны. өтемақы

Сайрам ауданы, Қарабастау ауылының тұрғындары топан судан жарылған баспаналарына арнайы өтемақы берілмейтін болды деп шағымданып отыр. Олар арнамыздың «Жаңалықтар» қызметіне де, сайтына да пікірін жазып, сауалдарын жолдауда. Айтуларынша, комиссия мүшелері бұған дейін арнайы көмек беріледі деп сендірген. Алайда су алған 18 үйдің бесеуі ғана тізімнен табылыпты.

«Бұл баспананы жаңадан соғып едік. Енді міне барлық бөлменің бәрін су алып, дуалымыз жарыла бастады». Танысқан бетте осылай деп жанайқайын айтып салған  келіншек Гүлназ Қасымбекова қазір кімнен көмек сұрарын білмейді. Үш жыл бұрын салынған баспанасы сызданып, қабырғалары үгітіле бастаған. Топан су алған үш күнде суда қалған үйдің едендері де жарамсыз болып қалыпты. Үйдің осы хәлін бір емес, бірнеше рет көрген комиссия бастапқыда көмек көрсетіледі деп уәде бергенімен, кейін басқаша жауап қата бастапты екі баланың анасына.

Гүлназ ҚАСЫМБЕКОВА, Қарабастау ауылының тұрғыны: «Әкім бізге ұялыңдар дейді. Сендер неменеге ақша сұрап келіп жатырсыңдар?. Үйлерің құлап қалған жоқ па? Құлап қалған жоқ!. Тұр ма? Тұр!. Болды! Енді бұл жүрістеріңе не жорық?! Үйлеріңнің құламай, аман-есен жүргендеріңе шүкірлік етіп жүріңдер дейді».

Еске салсақ, 19 ақпанда болған топан су Қарабастау ауылының негізгі бөлігін су алған еді. Бәрінен де елдімекеннің төмен жағындағы сайда орналасқан 18 үй зардап шеккен болатын. Алайда комиссия олардың бесеуін ғана арнайы тізімге қосқан.

Төребасы МЫРЗАҚҰЛОВ, Қарабастау ауылының тұрғыны: «Мемлекет тарапынан мұндай апатқа көмек бөлінбесе, бір сәрі. Ал бөлінген көмек тиісті азаматтарға берілмесе, ол осындай әкімшілік немесе соның басы-қасында жүрген комиссия мүшелерінің басындағы ауытқу деп есептеймін өзім».

Тасқынға орай құрылған облыстық комиссия төрағасы Сәкен Қаныбеков шығынды есептеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Сондықтан тұрғындардың әлі де арыздануына болады дейді.

Сәкен ҚАНЫБЕКОВ, ОҚО әкімінің орынбасары: «Күнделікті аудан әкімшілігінде біздің облыстағыдай комиссия құрылған. Міндетті түрде арыз-шағымды қабылдау керек. Одан кейін облыста құрылған комиссия барып аралап, қандай жөндеу жұмыстары қажет, әлде ешқандай шығыны жоқ болуы мүмкін. Толығымен жүз пайыз қаралады ол комиссияда».

Қазірдің өзінде тұрғындардан осыған ұқсас 230-ға жуық арыз шағым түскен. Арнайы комиссия тасқын болған төрт аудан мен екі қала бойынша тоқсан үйді жаңадан салу қажет деп шешкен. Сондай-ақ 277 баспанаға түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 370 млн. теңге сұралмақ. Бұл тек баспаналарға қатыстысы ғана. Ал қосымша табиғат апатының келтірілген шығындары әлі есептеліп жатыр.