Ауған соғысының ардагері бейбіт күнде қасгөйдің қолынан ажал құшты

Дамир Есімханов - ауған ардагері

Ардагерді ажал құштыруға не себеп болды? Тапа-тал түсте «Күншығыс» шағын ауданындағы «Атлант» сауда үйінің маңынан табылған азаматты қасгөйлікпен о дүниелік еткен кім?

17 сәуір күні сағат 20:00 мен 21:00-дің арасында Сайрам ауданы бағыты бойынан кісі мәйіті табылады. Тәнінің 10-нан аса жеріне пышақ сұғылған кісінің Ауған соғысының ардагері Дамир Есімханов екені анықталды. 51 жастағы жауынгер-интернационалисті біреулер ауандықпен қинап өлтірген.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Оқиға орнына Ішкі істер департаментінің және Еңбекші аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері барды. Қазіргі таңда Еңбекші аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК «Адам өлтіру»96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізілуде».

Ауған соғысы ардагерлерінің облыстағы филиалы сол күнгі оқиғаны көрген білгендер болса баяндап беруді өтінуде. Олар бұл үшін қомақты сый да берер едік деп отыр.

Ғалымжан МАЙҚАНОВ, Ауңан соғысы ардагерлерінің ОҚО-дағы төрағасы: «Марқұм болған жігіттің артында отбасы қалды. Бала-шағасы жетім, әйелі жесір болып қалды. Бәріміздің қабырғамыз қайысып отыр. Сонау Ауған соғысынан аман келіп, бейбіт күнде бәзбір қандықолдың қолынан көз жұмғаны жанымызға өте батуда. Сондықтан сол күнгі оқиғаны көрген-білгендер болса, келіп хабарласа деген сенімдеміз».

Қазір бұл қылмыс бойынша арнайы топ құрылды. Полицейлер кісі өлтіргендерді міндетті түрде табамыз деп отыр. Ауыр қылмыс ашылғаннан соң, облыстық ішкі істер департаменті толыққанды ақпарат беруге уағдаласты.