Автовокзалдар талаптарды орындауды қойған

337

Облыс аумағындағы автовокзалдардың жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі жақында облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында талқыланып, олардың жұмысына қатысты сын айтылған болатын. Аяқ алып жүре алмайтын, санитарлық талапты санадан шығарып алған автовокзал басшылары біраз ескертуді тыңдады да. Кеткен кемшілікті ретке келтіруге уақыт та берілген.

30-наурызда біз «Самал» автовокзалында болған, оның директоры Ермек Ауанов көліктерге арнайы орын қарастырамыз, ал бастырмалардың астында жайғасқан сауда нүктелерін жоямыз деп уәде берген еді. Он күннен кейін келіңдер, барлығы реттеледі деген.

«Самал» автовокзалы директорының шақыртуынан бас тартпадық, 10 күн емес, екі жетіден кейін автовокзалды бірге араладық. Бағыттар көрсетілген бастырмалардың астындағы орындар сауда нүктелерімен толған. Олардың аралығында жолаушыларға орындықтар қарастырылыпты. Оны көріп, қоғамдық көліктер қайда тұрақтайды деген сауал туындайды.

 Ермек Ауанов, «Самал» автовокзалының директоры: «Көліктер бастырмалардың астында тұрсын деген заң жоқ. Бұл жер жолаушыларға ыңғайластырылып жасалған. Мұнда олар көліктерін күтіп, тамақтанып, демалады. Ал көліктер болса, бағыты көрсетілген тұста тұрады. Сауда нүктелері автовокзалдарда болмасын деген ереже жоқ. Ұзақ сапарға  шығар алдында жолаушылар су, тағы сол сияқты қажетті азық-түліктерін алады».

Директор жолаушыларға жағдай жасау басты міндеттіміз. Міне вокзал аумағын тазартып, шаң болмас үшін су да септік деп ақталды. Автовокзал ғимаратында күту залы, кассалар қарастырылған. Айтарлықтай жолаушылар да көп емес. Оның себебін осындағы көлік жүргізушілер жасырмады.

Ануар Мейірбеков, жүргізуші: «Автовокзалдардағы қызмет көрсету орташа. Оны жақсарту үшін Шымкентте автовокзалдарды бір жерге шоғырландыру керек.  Әйтпесе, жолаушыларға ыңғайсыз. Мәселен, қаланың шығар берісінде автобекттер орналасқан.  Азаматтар діттеген жеріне сол жерлерден отырып кетеді».

Жергілікті әкім қалаға неше автовокзал қажеттігін шешіп қана қоймай, онда ұйымдастырылған жұмысты да қадағалуы тиіс дейді облыс әкімдігіндегілер. Талаптар орындалмаса мұндай автовокзал тізімнен шығарылады.

Әбілсейіт Рабаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы: «Облыс аумағындағы автовокзалдар мен автобекттерді араладық, басым көпшілігі сауда нүктелері мен компьютер ойындары орындарына айналған. Талаптар орындалмаса, Реестрден шығарамыз. Жақында Кентаудағы автовокзалды реестрден шығардық. Енді бұл автовокзалға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Тағы бір проблема. Саны артқан автовокзалдар  негізгі міндеттерін орындамай қоғамдық орындарды өз пайдасына пайдалануда».

Автовокзалдарда көліктерден бөлек уақ сауда нүктелері мен дәмханалардың шоғырлануы санитарлық талапты бұзатыны сөзсіз. Дегенмен, әзірге тиісті мекемелер мұны анықтауға асығар емес.