Úı ANONS Вице-президентке қандай талаптар қойылады?

Вице-президентке қандай талаптар қойылады?

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында жаңадан енгізілуі мүмкін вице-президент лауазымына қойылатын негізгі талаптар айтылды. Бұл туралы Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы қызметпен айналыспауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Сондай-ақ, өкілеттігін атқару кезеңінде саяси партиялардың мүшесі болуына тыйым салынады. Мұндай талаптар саяси бәсекелестікті күшейтіп, барлық партияның тең жағдайда дамуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, отырыста Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мәселесі де талқыланды. Оған арнайы жеке конституциялық бөлім қарастыру ұсынылды. Онда Халық Кеңесінің Қазақстан халқының мүддесін білдіретін мемлекеттің жоғары консультативтік органы екені нақты айқындалуы тиіс.

Нұрлан Бекназаров, Сенат депутаты: «Халық Кеңесіне қатысты Конституцияға ұсынылған нормалар мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарына, қоғамдық келісімге, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекет қызметінің қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі ұсыныстар мен ұстанымдарды әзірлеуге байланысты мәселелерді қамтиды».

Комиссия отырысында өзге де бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Ата заңда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені көрсетілгенімен, енді дінді мемлекеттен бөлу туралы норманы тікелей бекіту ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, некені тек ер мен әйел арасындағы одақ ретінде Конституцияда нақтылау мәселесі де көтерілді.

Ербол Тұрымбет