Металлургшылар сарайы жөндеуден өтетін болды

Металлургшылар сарайы. Жөндеу жұмыстары

Біршама уақыттан бері Шымкенттегі Металлургшылар сарайының алдында «Назар аударыңыздар, ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр» деген тақташа ілініп тұр. Бірақ нысанның маңынан осы мақсатта қыбырлаған пендені байқамайсыз.

«Металлургшылар сарайына жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Енді көп жылдан бері қараусыз қалған ғимарат өзгеше өңге енеді. Сәулеттік ескерткіш бірнеше жылдан бері жекенің меншігінде.

Осыдан біраз бұрын Металлургтер сарайын қорғау акциясына ондаған шымкенттік шықты. Ғимараттың бүгінгі хәліне алаңдаған тұрғындар оған жедел түрде жөндеудің қажет екенін талап етті. Балалар мен зейнеткерлер, студенттер мен қарапайым жұмысшылардың өзі бұл мәселеде шет қала алмады.

Виктор ПАРШИН, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біздер бұл нысанның жөндеу жұмыстарын жоспарсыз жасамауымыз керек. Өйткені, Металлургшылар сарайы сәулеттік ескерткіш қой. Білесіз бе, ғимараттың бүгінгі кейпін мен балаларыма көрсетуге ұяламын. Жоғарыда отырғандар бұған дел-сал қарамау керек».

Дегенмен, ғимараттың кірпішін дұрыстап жатқан бірде-бір құрылыс техникасын бұл маңнан қазір байқамайсыз. Сарайдың есіктері құлыптаулы. Бірақ ондағы қарауыл нысанға жасалатын жөндеу жұмыстары таяуда басталатынын айтып сендіреді. Айтуынша, құрылысшылар оның шатырын көріп те кетіпті.

Металлургшылар сарайы бүгінде «Мирас» университетінің жекеменшігі болып табылады. Оқу орнының жетекшілігі ондағы күрделі жөндеу жұмыстары міндетті түрде болатынын айтады. Сөздерінен ұққанымыз, қажетті істен соң сарайдың кейпін тіпті, танымай қалады екенбіз. Онда спорт нысандары салынып, оқушыларға жағдай жасалатын болып ойластырыпты.

Көп жылдық тәжірибесі бар археолог Ақзам Рүстемов металлургтер сарайының бұрын қандай сәулетте болғанын жақсы біледі. Оны дәл сондай етіп қалпына келтіру енді қиынның қиыны дейді ол. Себебі, кертілген кірпіштерді дер кезінде байқау керек еді. «-Бұрындары, – дейді ол, – сарайға кәдуілгі аспашамды (люстра) ілу үшін Алматыдан адамдар келіп, арнайы комиссия құрылатын. Ал қазіргі жағдай… көрген кісінінің күлкісі келеді, тіпті».

Сөйтіп, Металлургшылар сарайы мемлекет меншігіне өтпейтін болды. Нысан жекенің құзырындағы ғимарат болып қала бермек. Желтоқсан айында онда арнайы үйірмелер құрылып, тегін жұмыс атқарады екен. Сөйтіп, бұрынғы Металлургшылар сарайы баяғыша шымкенттіктердің сүйікті ордасына айналатын болады.