ОҚО бойынша 40 мың кене зерттеледі

277

Санитар мамандар кене жинап зертханаға өткізу шарасына кірісіп кетті. Бүгін Әл Фараби ауданындағы санитар мамандар өріске шығарылмай қорада ұсталатын малдардан табылған кенелерді сааптамаға тапсырды. Жалпы облыс бойынша бүгінгі таңға дейін 4 мыңнан астам кене алыныпты. Оның 338-і тексеруден өткізілді.

Неля Гимазединова көпжылдық тәжірибелі маман. Мал денесінің қай тұсына кене жабысатынын жақсы біледі. Бүгінге дейін 30- ға жуық кене жинап зертханаға тапсырған маман, мал өрістен қайтқан сәтті пайдаланып, кешкісін жұмысын жалғастырмақ. Ол осылай қорадағы малдарды тексеріп шықты. Мамандар биылғы маусымда 40 мың кене жинамақ.

Бүгінгі таңға дейін зертханада тексерілген кенелердің алтауы Конго қырым қанды қызбасына оң нәтиже берді. Жалпы облысымыздағы 900 елдімекеннің 119-нан алынған кенелер оң нәтиже берген аумақтардың қатарына жатады екен. Биыл мұндай аудандар қатаң бақылауға алынып, қайта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Кенелермен күресуге облыс қазынасынан 350 миллион теңге бөлінген. Бүгінде облыс бойынша 254 азамат кене шаққандығы туралы дәрігерге шағымданып та үлгерді. Әзірге науқастанған адам жоқ. Кене шағудың ең көп кездесуі жылдағыдай Шымкент қаласында болып тұр. Өткен жылдың осы мезгілінде шахарда 62 адамды кене тістесе, биыл 50 жерлесімізді кене шағыпты.