Шымкент қаласына жаңа басшы келді

378

Облыс әкімінің өкімімен облыс орталығын 4 жыл басқарған Арман Жетпісбай қызметінен босатылып, орнына жаңа басшы тағайындалды. Шымкентті енді бұған дейін Түркістан қаласының әкімі болған Қайрат Молдасейітов басқарады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қалалық маслихат депутаттарының келісімі негізінде қала активіне жаңа әкімді өзі таныстырды. Алайда, бұл сәттер журналистердің қатысуынсыз өтті.

Шымкент әкімін тағайындауда бұрын-соңды мұндай болмаған. Кезектен тыс шақырылған қалалық мәслихат сессиясы жабық есік жағдайында өтті. Бұқара халыққа ақпар жеткізетін журналистер депутаттар мен «Нұр Отан» ХДП өкілдерінен сұхбатты жиыннан соң алды. Арман Шәріпбайұлы Шымкент қаласына 2008 жылдың мамыр айында әкім болып тағайындалған болатын. Жасыратыны жоқ, 4 жыл бұрын жас әкім іскерлігін қалай танытар екен дегендер аз болмады. Дегенмен, осы жылдар ішінде облыс орталығының дамуы мен көркеюінде ілгерілеушілік көп.

Бұл күні Арман Жетпісбайға депутаттық корпус және «НұрОтан» партиясымен тығыз байланыста жұмыс жасағаны үшін алғыс хат тапсырылып, көпшілік экс-әкімді туған күнімен құттықтады. Ол өзінің білімі мен тәжрибесін мемлекеттік қызметте шыңдамақ ниетінің барын жеткізді. Ал республикада үшінші қала деген мәртебесі бар Шымкенттің тізгінін Қайрат Молдасейітов қолына алды.