Түркістан қаласындағы жарымжан балалар сасыған тамақ жеуде

438

Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп-интернатының ұжымы мен басшылығы арасындағы дау күннен күнге өршіп барады. Түркістан қаласындағы жарымжан балалар білім алатын көмекші интернаттың бір топ ұстаздары тілшілерге арызданып, білім мекемесіндегі біраз былықтардың бетін ашты.

Айтуларынша осы оқу жылында директорлыққа келген Дана Орманова ұстаздарға қысым көрсетіп отыр екен. Қала берді мұндағы балалар сасыған тамақ жеп, қақаған аязда суық бөлмелерде жатып келген.

Түркістандағы көмекші мектеп интернатындағы балалардың талапқа сай тамақтанбай жүргенін ұстаздар жасырын бейне таспаға жазып алыпты. Себебі осыған дейін дене бітімінде кемістігі бар жасөспірімдердің аянышты халін дәлелдеу мүмкін болмаған. Сорақысы кейде оқушылардың иістенген еттен де ауыз тиген күндері болыпты.

СӘБИТ ИСРАЙЛОВ, МҰҒАЛІМ: «Анау ет енді адам түгілі итке берсең ит жемейтін ет. Жүдә сасып. Соны жиырма күн бойы балдарға берді. Әштері ауырады, балдар ауырды. Соған қарамастан жиырма күн бойы соны берді».

Мұғалімдер ол етті актілеп тіркеген. Бірақ білім мекемесінің жаңа басшысы Дана Оманова одан еш нәтиже шығармапты. Ал мекеме басшысы әлгі айтылған әңгіме шындыққа жанаспайды, барлығы маған жасалған қастандық деп отыр.

ДАНА ОРМАНОВА, ТҮРКІСТАН КӨМЕКШІ МЕКТЕП – ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл ешқандай болған емес ондай тірлік.Түсінесіздер ғой қазақша. Ал бірақ оның бәрі маған істелініп отырған подстава. Өйткені, мені ешкім жақсы демейді. Мен жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс істеген адамды ешуақытта жақсы демейді. Тағы мен бұдан да жақсы етемін деп отырмын. Мен бұдан жақсы тірлік істеимін деп отырмын. Неге біз жақсы өмір сүруге тиісті емеспіз».

Облыстық білім басқармасындағылар болса аталған білім мекемесінің биылғы бюджетіне 250 млн. теңге қаралып, 41 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады. Сондай-ақ төрт мезгіл тамаққа да, киім-кешек пен жылуға да қаржы қарастырылған.

НЫШАН БАЙҒҰТОВ – ОҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл жаңадан өткен күзде тағайындалған басшы. Осындай кемістіктер болған кезде біз оған алғашында ескерту бергенбіз. Мынау жұмысында жіберген кемшіліктері үшін біздің басқарма бастығының бұйрығымен ол кісіге ескерту берілді. Бұл мәселе тікелей бақылауда білім басқармасының. Егер де бұл қайталанатын болса біз тиісті шара көретін боламыз».

Қазір Түркістандық прокурорлар осы мәселе бойынша түскен отыз ұстаздың арызымен арнайы комиссия құрып, тексеру тағайындапты. Одан бөлек облыстық мәслихат пен қаржы полициясына, облыс әкімдігінен де көмек сұрап арыз түсірген.