Мектеп ата-анаға қол жаюын қояр емес

458
Сайрам ауданы

Сайрам ауданындағы мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстарына оқушылар мен ұстаздардан ақша алу тыйылмай отыр. Осылай басталған хатты Тассай аулының №102 мектебінен бір топ ұстаздар веб-сайтымызға жолдаған. Мәселенің мән-жайын білмек болып білім ошағында болған бізге оқиғаның орын алғандығын ұстаздар да, оқушылар да растап берді.

Ұстаздар еңбек ақыларынан 5,7, және 10 мың теңге қаржы жиналатынын ашық айтуға сескенеді. Ол айдан-анық. Алайда, білім ордасының оқушылары жасармайды. Кез келген сыныптың оқушыларынан «сыныпты жөндеу жұмысына қанша ақша өткізді ата-анаң?» деген сауалға жоғарғы класс оқушылары 500 теңге, бастауыш сынып балалары 300 теңге бердік деп жайып салды. Бұл Сайрам ауданындағы бір ғана мектептен көрінді.

Сайрам ауданы Достық ауылындағы №102 орта мектеп 2009 жылы Елбасының «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған білім ошақтарының бірі. 600 орынға шақталған мектепте 592 бала білім алады 64 ұстаз бар. Мектебіміз күрделі жөндеуді талап етпейді деп ағынан жарылған мектеп директоры білім ошағында ақша жиналағынын оқушылар ашық айтқаннан соң, мекемедегі кем-кетіктерді тізбектей бастады. Бірақ сол кемшіліктерді жою үшін қанша қаржы нақты керектігінен бейхабар.

Бір қызығы, бұл білім ошағын ағымдағы жөндеуден өткізуге бар болғаны 60 мың теңге және 150 келі сыр ғана қажет деп бекітілген. Өзге материалдарды мектеп құрылысын жүргізген мердігерлер береді және өздері жөндеуге міндетті екені анық болды. Құрылыстың үш жылдық кепілдік мерзімі бітпеген. Осы ақпаратты берген аудандық білім бөліміндегілер мектеп директорының әрекетіне таңданыс білдірді.

Аудандағы 100-ден аса білім мекемелерін жаңа оқу жылына даярлану мақсатында бюджеттен 50 млн. теңге қаржы қаралған. Оған қосымша әр мектепке қосымша 7 мың теңгеге бояу беріледі. Мемлекетік сатып алу конкурысы өтіп жеңімпазы да анықталған. Соған қарамастан ауданда ата-анаға қол жаю тыйылар емес. Бұл мектеп басшыларының қанына сіңген кеселдің бірі болды.