Таскешудің жұрты үкіметтен жаңа трансформатор талап етуде

Қайнарбұлақ, Таскешу

«Ескіні жамап, есіміз шықты». Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауыл округінің Таскешу ауылының тұрғындары электр тарататын трансформаторларынан шаршаған. Желдің әсерінен сымдары тимей қалып, жарық сөне беретін елдімекендегі жерлестеріміз тұрмыстық техниканың дерлігін күйдіріп бітті деп ашынады.

Мәселен, осы ауылдың тұрғыны Айнұр Әбенова үшін жарықтың бұлайша жиі сөніп қалуы қалыпты құбылысқа айналғалы қашан. Амалсыздан ашып кетуі ықтимал азық-түлігін тоңазытқыштан сыртқа шығарады. Сөйтіп, өздігінше сақтанады.

«Бір қыста нан пісіретін 3 пешімді күйдірдім. Тоңазытқышымды 2 рет жөндеттім, жарамсыз болып қалған жарық шамдарымның санын айтпай-ақ қояйын», – дейді Айнұр күйініп.

Жарық жиі сөнген мезет, әсіресе, Айнұрдың 6 жасар қызына қиын. Демікпе дертіне шалдыққан оған небулайзер медициналық құралы ауадай қажет кезде қосылмай қалады. Өйткені, балдырғанды таза ауамен тыныстандыратын құрылғы тоқпен істейді.

Айнур ӘБЕНОВА, Таскешу ауылының тұрғыны: «Жарық сөніп қалған кезде, амал жоқ, аэрозол шашамын қызымның аузына. Бірақ оның әсері жай жүреді. Ал мына небулайзер құрылғысымен әр 15 минут сайын баланы тыныстандырсам, зияны да жоқ, әсері де мол болады».

100 шақты үйді электр жарығымен қамтып тұрған ескі трансформатордың сиқын көрсеңіз, Сізді еріксіз күлкі қысары анық. Қауіпті сейілту үшін желілер әбден оралған. Пайдалануға берілгеніне 20 жылдан асып кеткен құрылғыға тоққа түсіп, мерт бола жаздағандар да жетерлік бұл ауылда. Өйткені, электршісі жоқ елдімекеннің тұрғындары жел тұрып, жарық сөнсе, желіні өздері қосып алуға мәжбүр.

Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Таскешуде негізінен 200-ден аса отбасы бар. Ауылдың арғы бетінде тағы осындай ескірген тоқ тарату құралы тұр. Ауылдағы ағайын қазір жазға тұрмыстық техника сатып алудан қорқады. Өйткені, қайта-қайта сөніп, кернеуі бірде жоғарылап, бірде төмендеген жарықтың кесірінен тағы да күйіп кете ме дейді.

Түйінді түйткілді «Оңтүстік Жарық транзит» жауапкершілігі шектеулі мекемесі шешуге уәде берді хабарласқанымызда. Айтуларынша, Таскешудің апатты жағдайындағы 2 трансформатор да 2012 жылдың қаржыландыруына кірген. Сөздерінен ұққанымыз тұрғындар дұрыс жұмыс істейтін тоқ таратуқұралына қол жеткізу үшін 2 аптадай шыдауы тиіс. Осы уақыт аралығында «Онтүстікжарықтранзиттің» мамандары қатардан шыққан құрылғыларды қалыпты қалпына келтіретін болады.