«Алтын базар» арзан әрі сапалы

1719
"Алтын базар"

Шымкентте тағы бір сауда орны ашылды. «Алтын базар» деп аталатын жаңа орталықта тек зергерлік бұйымдар сатылады. Сапалы әрі арзан бағалы әшекейлерді ұсынатын сауда орны бүгін салтанатты түрде ашылды. Қаланың бұрыш-бұрышында сатылатын зергерлік бұйымдарды енді шаһардың дәл ортасынан, бір жерден табуға болады.

Салтанатты түрде тұсауы кесілген «Алтын базарды» көруге қала жұртшылығы көптеп жиналды. Қариялар батасын берсе, өнерпаздер ән мен жырдан шашу шашты. Қаланың дәл ортасында орналасқан әшекей бұйымдар базарында 165 сауда орны бар, асхана мен қонақүй келушілерге есігін айқара ашады.

Уәлихан Өтемісов, «Алтын базар» сауда орнының директоры:«Біз сатушыларға алты ай бойы орындарын тегін береміз. Оған сақтау қоймасын тегін пайдалануды да қосыңыз. Келушілерге де, сатушыларға да барлық жағдайды жасап отырмыз. Бағасы да қалта көтерерлік. Базар деп атағанымыздың да жөні бар. Қарапайым халық дүркіретіп  қойған сауда орталығына бас сұқпайды. Сол себепті де базар деп атадық. Бағалары да базардағыдай болады».

Салтанат Қалдарова «Алтын базардың» алғашқы сатушыларының бірі. 10 жылдан бері алтыннан жасалған бұйымдар сатып жүрген ол бұған дейін қаладағы түрлі базарларда сауда жасап келген. Қыстың қаһарлы аязы мен жаздың аптаған ыстығында ашық павильионда тұру оңай емес дейді.

 Салтанат Қалдарова, алтын бұйымдарын сатушы: «Іші кең, ауасы таза. Қыста жылы болады деп отыр, ал жаздың ыстығында бізге жағдай жасалған. Саудамыз шыр айналады деп сенеміз. Өйткені келушілерге де барлық жағдай жасалған. Ең бастысы тазалық пен сапалы қызмет қой, халыққа керегі».

Мұнда сапалы әрі әдемі жасалған алтын-күміс әшекейлер арзан бағада сатылып жатыр. Мұнымен қоса тұтынушыларының құқығын ойлаған орталық басшылығы алтын бұйымдарын тексеретін арнайы орын да ұйымдастырыпты.

Ләззат Нұрпейісова, тұтынушы: «Бағасы арзан екен. Сапасынан да қам жеуге болмайды. Арнайы тексеру орны да бар екен. Қорықпай алтын сатып алуға болады.»

«Алтын базар» – қаламыздағы әшекейлер ордасына айналатыны сөзсіз. Ендігі мақсат – келушілерге жоғары қызмет көрсету.