ОҚО-да суретші-педагогтардың одағы құрылды

Бүгінгі күні ҚР Суретшілер Одағына 92 суретші мүшелікте болса, соның 60-тан астамы мұғалімдер екен
Бүгінгі күні ҚР Суретшілер Одағына 92 суретші мүшелікте болса, соның 60-тан астамы мұғалімдер екен

Оңтүстікте суретші-педагогтардың одағы құрылды. Республикамызда тұңғыш рет қолға алынған іске суретші-ұстаздардың өздері демеушілік жасамақ. Елімізде «ҚР Суретшілер Одағы» бола тұра мұндай қоғамдық бірлестіктің құрылуын ұйымдастыру алқасы дәріс беретін көптеген суретші-мұғалімнің жеке шығармашылығын мүлдем дамыта алмай, соның салдарынан салған суреттерін ел назарына ұсына алмай жүргенімен түсіндіреді.

Айта өткен жөн, республикадағы суретші біткеннің 65 пайызы бұл күні нәпақасын оқытушылықтан тауып отыр. Сондықтан осы одақ олардың жеке албомы мен көрмелерін ашуға мұрындық болуы тиіс. Әзірге 10 суретшімен ғана жұмысын бастап отырған одақ алдағы уақытта еліміздің барлық облыстарындағы ұстаз суретшілерді мүшелікке тартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, осы күзде аталған топтағы суретшілердің арнайы көрмесін ашу да болжануда.

Айнабек ОСПАНОВ, ОҚО Көркемсурет Галереясының меңгерушісі: «Дәл осындай суретші-педагогтардың одағы көршілес Ресей, Қырғызстан, Израиль және Еуропаның көптеген елдерінде жұмыс істейді. Біздің елімізде мұндай одақты осыдан 10 жыл бұрын құру керек еді деп есептеймін. Әрине, ештен кеш жақсы. Әлі де атқарар мол тірлік бар алда. Дизайн, кескіндеу өнері саласы бойынша жұмыс істейтін кәсіпқойлардың дамуына жақсы жағдай жасасақ, олардың тәжірибе алмасып, түрлі сурет көрмелерін ұйымдастыруға атсалыссақ – негізгі мақсатымыздың орындалғаны деп білемін. Бір қызығы, еліміз бойынша суретшісі ең көп шоғырланған Шымкентте осы күнге дейін бірде-бір суретшінің жеке шығармашылық альбомы шықпапты. Осыған байланысты, шеберлердің авторлық құқықтарын қорғап, көзқарастары мен пікірлеріне бей-жай қарамасақ, ісіміздің оңды болғаны деп білеміз».

Кілең суретшілер бастап отырған оңды істі басқарып, қадағалап отыруға суретшілер бір ауыздан Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінің арнайы пән оқытушысы Қуаныш Оралұлы Сүлейменовты сайлап отыр. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері одақ демеушілік есебінен қаржыландырылатын болғандықтан, жұмыстың тоқтап қалмауы үшін шетелдік суретшілерді мүшелікке тартпақшы. Сондай-ақ, қайырымдылық қорлары ниет білдіріп жатса, олардан түскен қаржыны халықтың руханиятын көтеретін істің өркендеуі үшін қабылдай алады.

Айтпақшы, білімі жоқ, бірақ туғанынан талантты қылқалам шеберлерін де Суретші-Педагогтар Одағына қабылдай аламыз деп отыр ұйымдастырушылар.