Шымкентте тегін шомылатын орындар жоқтың қасы

999

Оңтүстіктегі биылғы ерекше аптап ыстық қалалықтарға қатты әсер етіп жатыр. Ақысыз суға түсіп, салқындап алатын орындар аз. Оған қоса қазіргі таңда қаламызда су бұрқақтарының барлығы бірдей істеп тұрған жоқ. Яғни, 19 субұрқақтың 16-ы ғана іске жарамды.

Байтұрсынов көшесіндегі Диогностикалық орталықтың алдындағы субұрқақ – Кеңес одағының көзіндей. Мұндағы субұрқақты заман талабына сай ету үшін 13 млн. теңге қажет. Бүгінде оның ЖСҚ дайындалды.

Ал Жандарбеков көшесі мен әл Фараби алаңындағы субұрқақтар жуықарада жаңаланбайтын секілді. Оған қаржы бөлінбеген. Ал «Нұрсәт» секілді жаңа шағынаудандардың жоспарында субұрқақ атаулы мүлдем қаралмапты.

Айтылғы үш субұрқақты жаңартқанымен, ол ыстықтаған шымкентіктерді құтқарады деп айту қиын. Себебі, біздің қалада суға тегін шомылатын орындар жоқтың қасы. Көпшілік киелі Қошқар атадан бөлек жерасты суынан жиналатын көлге келеді. Ал мамандар ол жерге шомылуға болмайды деп тыйым салған. Бұл судың сынамасын санитар мамандар жиі алады. Әзірге қауіпті ауру анықталған жоқ, дегенмен, онда шомылмаған жөн.

Бір қызығы, осы маңда көлге шомылуға болмайды деген ескерту жазылған тақтайша ілінбеген. Ал тәртіп сақшылары біле тұра білмегенсіп теріс бұрылып жүр.