Спортты серік еткен шенеуніктер

 

 

Бұқаралық спортты дамытуда Шымкенттік шенеуніктердің де игі дәстүрі бар. Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының және бөлімінің қызметкерлері, аудандық әкімдіктердің өкілдері жарыс жолына шықты.

Турнирдің ашылу салтанаты қала маңындағы «Биік» спорт кешенінде өтіп, қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов мемлекеттік қызметкерлерге сәттілік тіледі. Қатысушылар 9 командаға бөлініп, спорттың 7 түрінен сайысты. Мемқызметкерлер футбол, волейбол, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика және арқан тарту спортынан да қаражаяу емес екен.

Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Нұржан Сманов командалар сайысқа жыл бойы дайындық жүргізгендерін айтады.

«Спорт – жарқын өмір, саламаттылық негізі. Шымкент тұғындарының 30 %-ын спортқа тартуға жұмыс істеп жатырмыз. Елдің күш-қайратын, ұлттық рухын танытатын бірден-бір өнер екені анық. Бәріңізді спортпен шұғылдануға шақырамын», -дейді қалалық спорттың басшысы.

Командалар турнирге тыңғылықты дайындалып келіпті. Аяқдоп шеберлерінің жарысында әкімдік аппаратының қызметкерлері ешкімге дес бермесе, спорт бөлімінің жігіттері допты әуеде қалықтатуға шебер екендерін байқатты. Ал Еңбекші ауданы әкімдігінің спортшылары зияткерлік ойынды терең меңгеріпті.