«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» қирап жатыр

412

«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы». Мақтарал ауданында жүргізілген канал осылай аталады.

Бүгінде Мақтаралда мемлекеттік маңызы бар нысан бұзыла бастады. Бұдан Мырзашөл өңіріндегі дихандар үрейленіп отыр. Мәселенің мәйегі Шардарадан Мақтаралға су тартатын каналда болып тұр. Кезінде жергілікті жұрттың сұранысымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті Республикалық маңызы бар нысанның құрылысына тапсырыс беріп, жұмысты жүзеге асырған. Оны аудандық әкімдік бақылауына алған болатын. Басшысы мен қосшысы көп құрылысты қазір ел игілігіне пайдалана алмай отыр.

Қомақты қаржы — 13,4 млрд. теңге жұмсалған стратегиялық маңызы бар каналдың қазіргі сиқы осы. Бетондау былай тұрсын, қаптама таспен қапталмаған нысанның екі жақ бетіндегі топырағы үгітіліп, балшыққа айналған. Үш күндік сынақ жүргізілгеннен кейін істен шыққан каналда тұрып қалған су иістене бастады дейді тұрғындар.

Есенхан Зұнымханов 3 мың гектарға жуық егістік жерін осы канал арқылы суаратын. Енді ол мүмкін емес. Әрі шаруа, әрі су мұрабы кезінде жобалаушылар мемлекеттік маңызы бар нысанның құрылыс жоспарын жүйесіз жасаған дейді. Кейбір техникалық ахуалдарды ескермеген.

12 шақырымдық каналдың құрылысы немқұрайлы жүргізілгені көрініп-ақ тұр. Бірақ мұны тікелей жауапты «Оңтүстік су шаруашылығы» мекемесі мойындағысы келмейді. Каналдың бұзылғанынан хабардар басшылық жуық арада қалпына келтіреміз деп, ақталуға тырысты.

Сынақ мерзіміндегі сыннан өте алмаған каналдың бұдан әрі әжетке жарайтынына көпшілік күмәнмен қарайды. Бірақ мекеме басшылығы құрылыс жүргізген мекеменің 12 жылдық кепілдігі барына сеніп отыр.

Сейсенов мырза енді каналдың техникалық ахауына тиісті зерттеу жүргізілетінін де айтты. Кем-кетік тұстары анықталған кезде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмекші. Және ол осы алдағы бірер айда жүзеге асады дейді.