Ана өлімінің себебі жұмбақ күйінде қалуда

Оңтүстікте ана өлімінің жиілеп кетуіне не себеп? Бұл сауалға нақты жауап беру үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің оңтүстіктегі департамент өкілдері әлі де зерттеу қажет дейді. Естеріңізге сала өтейік, маусым айында бала босану кезінде Кентау қаласының тұрғыны қайтыс болған еді. Бұл – жыл басынан бері облысымызда тіркелген 14-ші факті. Ана өлімі бойынша былтырғы көрсеткішті жарты жылда қалай қуып жеттік? Мәселе белгісіз күйінде қалып отыр.

Облыстық перинаталдық орталықта маусым айында тіркелген ана өлімі Оңтүстіктегі осы бір түйткілді одан әрі жүйкелетті. Олай демеске шара жоқ. Өйткені, былтыр 1 жыл ішінде орын алған ана өлімі 13ке жетсе, биыл бұл сан алғашқы жартыжылдықта-ақ тіркеліп үлгерді. Себеп не? Кінәні кімнен, неден іздеу керек? Бәрі жұмбақ.

Сол кезде Облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Мадина Көкенова іс мүрдені ашқан (гистологиялық сараптама) соң ғана белгілі болады деген еді. Қысылтаяң сәтте, ананың неден көз жұмғанын айту мүмкін еместігін ескерткен. Иә. Бас дәрігердің уәжі де түсінікті. Бірден тұжырымдама жасау қиын. Алайда, 1 айдан астам уақыт өткенімен, дәрігерлер гистологиялық сараптама әлі де жүргізілуде дегенді алға тартып отыр. Бұл мемлекеттік сарапшылардың айтқаны. Босану кезінде олқылық медицина қызметкерлерінен кетті ме, жоқ әлде ананың денсаулығы бұрыннан әлсіз бе еді? Тоқ етерін айтар ешкім жоқ. Ал қағазға жазылған диагнозды жариялау – заңсыз деп бізді де ескертіп үлгерді.

Бақыт ҚОЗБАҚОВ, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ОҚО бойынша департамент директорының орынбасары: «Комиссиямен шешім жасаймыз. Ол шамамен бір айдың көлемінде зерттелетін іс. Бұл мәселе қазір министрліктің бақылауында. Сондықтан, босанған әйел не себепті көз жұмғанын ашық айтуға әзірге негіз жоқ. Өйткені, әлі де мемлекеттік сараптау қорытындысы жүріп жатыр. Ал қазіргі уақытта материалдардың бәрі ІІД-не өз тарапынан шешім шығару үшін берілді. Аталған іс, сондай-ақ, облыс прокуратурасының бақылауында тұр».

Өңірде ана өлімінің көбеюі ұзақ зерттеуді әрі сақ болуды қажет ететін мәселе дейді сарапшылар. Әрі, бір мәселе оның өліміне себепші болады деп айту дұрыс емес. Сондықтан да нақты жауап айту қиын екен. Әрине, жүктілік кезінде тіркеуге уақытылы тұрмау, денсаулығына салғырт қарау жәйттері көп себептің бірі десек, медициналық қызметкерлердің де бұл ретте жіберіп алатын қателіктері жетіп артылатынын босану кезінде қиындыққа тап болған кез келген ана ағынан жарылып айтып берері хақ.

есми деректерді қараңыз енді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында соңғы 5 айда республикада ана өлімі 11,3 пайызға, бала өлімі 6,3 пайызға төмендеген деген тұжырым ғаламторда өріп жүр. Бұл мәліметті оқып, Оңтүстік Қазақстан Облысындағы жағдайды ондағылар ескермеген бе деген ойға қаласың…