«Грасетто» мен «Измир» «Астананы» қоқысқа толтыруда

296
Астана даңғылы

Шымкенттегі «Астана» даңғылы қоқысқа толуда. Елордамыздың атауы берілген даңғылды салтанатты ашудың қызығы басылмай жатып, шыжығы шықты. «Нұрсәт» шағынауданында күні кеше ғана бойына балғындар ойнап, асыр салған көшенің бойы бүгінде қоқысқа толып барады.

Грасетто мен Измир Астананы қоқысқа толтыруда. Шымкенттегі атаулы көше мен даңғылдың тұрғындары қоқыс жәшігінің жоғына наразы.

Әдбіхалық Үкібаев, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны: «Қоқыс жәшігі жоқ деп айта алмаймын, «Нұрсәт» бойынша жалғыз перзентхананың алдында бар. Ал мынау Грасетто, Измир көшесінің тұрғындары үшін ол-ұзақ. Ол жаққа барып тастауға ерінеді. Содан осы Астана даңғылының бойына әкеліп төгеді. Көшеге атау берілгенше мұнда болған. Атына кір келтіреді деп ойлаған-ау, қоқыс жәшігін алып тастады. Енді, міне, қоқыстан көз ашпай қалдық».

Жақында ғана Елорданың аты берілген бұл даңғылдың бойына түрлі қалдықтар тасталып жатыр. Статусы жоғарылағанымен, қоқыс жәшігі жоғалған. Сол маңнан күндіз-түні өтетін адамдар қоқыстарын лақтырып кетеді.

 Қойшыбек Лесбаев, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ның жұмысшысы: «Осы даңғылдың тазалығы менің мойнымда. Таңғы алтыда келемін, кешкі 10-ға дейін пакет-пакет қоқысты тазалаудан тынбаймын. Адамдар қоқыс тастама десең де, тастай береді. Қоқыс жәшігі төртеу-ақ болған, онда да сыртына шығып, тасып жататын».

«Нұрсәтте» қоқыс жәшігі жоқ емес, бар. Тек Астана даңғылы мен сол маңдағы үйлер үшін тиімсіз, алыста орналасқан. Сол себептен болар, тұрғындар қалта-қалта қоқыстарын бұрынғы үйреншікті жерлеріне тастап кетуде. Ескерту айтылса, тазалық жұмыстарын жүргізетін «Су-Шенгеннің»қызметкерлерін кінәлай жөнеледі екен.

«Нұрсәттің» қоқысынан қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі де хабардар. Олар тығырықтан шығудың жолын ұсынған. Алайда тұрғындар қарсылықтарын білдіріпті.

 Нұржігіт Әбдрахманов, ТҮКШ бөлімінің маманы:«Тұрғындар әр көпқабатты үйдің алдына қоқыс жәшігін қойдырмаған. Балдарымыз далада ойнайды, болмайды деп. Содан алыстау орналастырғанбыз. Күніге тазалаймыз. Ал жерасты қоқыс жәшігі қыркүйек айында жүзеге асады. Заманауи үлгіде салынды».

Болашақта даңғылдың бойынан түрлі саябақтар бой көтереді деп күтілуде. Сонымен қатар драма театры мен әкімшілік ғимараттары, үлкен көрме залы да салынбақ. Оған дейін жерасты қоқыс жәшіктері орнатылып, «нұрсәттіктерді» қуантып қалуы ғажап емес. Дегенмен, бұл игілікті іс алдағы қыркүйек айының еншісінде.