Кентау қаласының прокурорлары қалалық білім беру бөлімін тексеріп, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңнамалардың қолданылуына қатысты тексеру жүргізіп, шикі істердің бетін ашты.
Атап айтқанда, Кентау қалалық білім беру бөліміне қарасты №4 орта мектептің «Айналадағы әлем» және «Жағрафия» пәндерінің мұғалімі Н.Бекенов, 2011-2012 оқу жылында мүгедек балалар Э.Жұмағұл, А.Жұмағұл және Д.Отархановтардың үйіне барып дәріс өтпестен, табельге жалған белгі қою арқылы ай сайын 5039 теңге, 9 айда жалпы соммасы 47 781 теңге бюджет қаржысын заңсыз иемденген.
Дәл осылай, аталған мектептің «Бейнелеу өнері» және «Жалпы еңбек дайындығы» пәндерінің мұғалімі П.Оспанов та 2011-2012 оқу жылында мүгедек бала А.Жұмағұлдың үйіне барып сабақ өтті деген жалған негізбен жалпы соммасы 47 781 тенге мүгедектерді оқытуға деп қаралған қаржыны заңсыз алған.
Мемлекетке келтірілген 95 мың 652 теңгені сөйтіп, заң қызметкерлері ортақ қазына қайтарды. Ал №4 орта мектептің мұғалімдері Н.Бекенов пен П.Оспановтар «қызметінен босату» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жомарт НҰРҒАЛИ, Кентау қаласының прокуроры, әділет кеңесшісі: «Мұндай сорақылықтар бұрындары да болған. Нақтырақ айтсақ, 2011 жылы Кенді қаланың прокурорлары жоғарыда сөз еткен жағдайларға ұқсас фактілерді дәл осы білім ордасынан анықтаған еді. Сол шақта да тиісті адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, жоғарыда аталған мектептің мұғалімдері осындай заңсыздықты жалғастырып келгендігіне байланысты прокуратурамен көрілген шараның нәтижесінде №4 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.Дүйсенбиева атқарып отырған қызметінен босатылды».