Сағындырған саф алтын

Лондон Олимпиадасына 7 күн қалды. Ағылшын астанасындағы байрақты бәсекеге Оңтүстіктен сайдың тасындай іріктелген 13 спортшы аттануға әзір. Мойындау керек, бәріміздің көкейімізде үміт пен күдік қыз-қыз қайнап жатыр. Сүзгіден өткен сайыпқырандарымыздың әлеуеті қандай? Берсе жолынан, бермесе қолынан тартып алатын ақберендеріміз жеңісті жолды жалғастыра ала ма?

Әріге бармай-ақ, беріректен сөз қозғасақ. 2000 жылы мәңгі жасыл құрлық атанған Аустралияда асығымыз алшысынан түсіп, боксшыларымыз Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдәбеков айды аспанға шығарған. Ерен Бекзаттың алтын жүлдесі әліге дейін жадымызда. Алып Мұхтарханның күмісі де алтынмен пара-пар еді. Куба батыры Рубалкабаны құлаштай сермеп ұрып, есінен тандырғаны күллі әлем жұрты тамсана айтады. Содан бері 12 жыл өтсе де, бір алтынға зәруміз. Тарихы том-том кітапқа жүк болатын Оңтүстік спортшылары өз сүрлеуін жоғалтып алды. Айталық, Ежелгі Эллада елінде өткен ғаламдық ойындарда жалқы күмісті қанағат тұтыппыз. Еркін күрестің майталманы Геннадий Лалиев шешуші сәтте сыр беріп, ресейдің бағына біткен жампозы Бувайсар Сайтевтің асуынан өте алмады. Мұның өзіне тоба дестік. Кейіннен арада 4 жыл сырғып өтіп, Бейжің додасына қосылдық. Бұл жолы жүлдені күреп алғанымызбен, саф алтынның сыңғырын есту бұйырмады.

Зілтемірші Алла Важенина күмісті сыйға тартса, Еркебұлан Шыналиев пен Елена Шалыгина қолаға қол жеткізді. Тәп-тәуір көрсеткіш. Алайда алтынның орын бөлек қой. Одан бері де жылдар жылжып, жалынды жастар өсіп шықты. Халықаралық додаларда ысылып, мол тәжірибе жинақтады. Биылғы додада кілең топты жарып шыққан саңлақтар бақ сынайды. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» үздіктер.

Жуықта облыс спортының басшысы Болат Қырықбаев баспасөз жиынында біраз жәйттен хабардар етті. Айтуынша, спортшыларымыз 1 алтын, 1 күміс және 1 қоланы қоржынға салуға қабілетті. Расында, жылдар бойы шүмектеп тер төккен жерлестеріміздің еңбегі еленетін сәт туды. Таэквондошыларымыз Феруза Ергешова мен Нұрсұлтан Мамаевтың өнері көпшіліктің көңілінен шыққан. Өзтүріктей асыл ұлдың жолын жалғастырушы қос саңлақтың қарымы қатты, әзірге. Бірі Азияны бағындырса, бірі жастар олимпиадасының күмісін иемденген.

Ермек Байдуашев хақында да айтылар әңгіме көп. Азияда ешкімге дес бермейтін жауырыны қақпақтай балуанның бір бармағы бүгулі. Лондонда соңына дейін күресуге шамасы жетеді. Ал Бейжіңнен қоламен оралған Шалыгина ендігі кезекте жүлденің бағалысын ұстауға ниетті. Құрама сапындағы ардагер спортшылардың бірі Біржан Жақыпов жайында бапкерлердің жылы пікірін естіп жүрміз. Құдай жолын оңғарса, Біржан бауырымыз Бейжіңде кеткен есені Лондон төрінде қайтаруы тиіс. Бір айта кетерлігі, ешкім елемеген спортшының бәйгеден озық шығуы мүмкін. Бұл – сиқырға толы спорт. Сондықтан, енді 10 күннен кейін алауы тұтанатын спорт мерекесінде сайыпқырандарымызға сәттілік тілейік.

Нұржан СМАНОВ, Шымкент қалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің бастығы: «Бір айта кететіні, Олимпиаданың атмосферасы бөлек. Кейде елеусіз жүрген спортшылар тосыннан топты жарып шығады. Ең алдымен, бокс, күрес, ауыр атлетика, таэкондо спортының өкілдерінен жүлде күтетініміз жасырын емес. Биылғы олимпиада тосын жаңалықтарымен есте қалуы мүмкін. Бәріміз Біржан Жақыпов, Ермек Байдуашев пен Елена Шалыгинадан жүлде күтіп отырмыз. Құрамаға жаңадан қосылған зілтемірші Чонтей де құралақан қайтпауы тиіс».

Мұратбек ҚЫПШАҚБАЕВ, қалалық №10 күрес түрлерінен олимпиада резервтерін дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры: «Расында Лондон ойындары өте тартысты болғалы тұр. Әрине, біздің спортшылар да қарап қалмас. Жүлдеге таласатын үздіктеріміз баршылық. Балуан Елена Шалыгинаның бағалы жүлде иеленуге мүмкіндігі мол. Ермек Байдуашев, Біржан Жақыпов, Арли Чонтей және таэквондошылар Нұрсұлтан мен Ферузадан жүлде күтеміз. Үлкен спортта кейде бұратартушылық кездесіп жатады. Сондықтан, басшылар төрешілер алқасымен дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Қалай болғанда да, спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар шапсын деп тілейік».

Мырзағали АЙТЖАНОВ, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері: «Қазақ боксының бұрыннан келе жатқан жеңісті дәстүрі бар. Пайымымызша, 1 алтын, 1 күміс пен 1 қоланы қоржынға салуымыз ләзім. Негізінен, Олимпиададан жүлде алу әр спортшының өзіне байланысты. Намысқа тырысып, алға ұмтылса, алынбайтын қамал жоқ. Шәкірттерімнен Серік Сәпиев, Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов және Біржан Жақыповқа сенемін. Осы жігіттер үмітті ақтауы тиіс».