Шымкенттегі онкологиялық диспансерде химия терапиялық препарат тапшы

432

Шымкенттегі онкологиялық диспансерде химия терапиялық препарат тапшы. Аталмыш емдеу мекемесінде ем алған науқас арнамызға хабарласып, осындай шағымын жеткізді. Қатерлі ісік ауруынан қауіптенген сырқаттың мұндағы ақ халаттыларға өкпесі қара қазандай. Науқастарды қажетті препаратпен қамтуы тиіс мамандардың оған бас ауыртқысы да келмейді.

Құны аса қымбат дәріні диспансер былай тұрсын, тіпті Шымкенттің дәріханаларын шарлап шықсаңыз да таппайсыз. Өмірі қыл үстінде тұрғандарға жанашырлықпен қарайтын жан жоқ деп ашынды шағымданушы.Айта кету керек, қазір ісік ауруына шалдыққан 11 мың 693 адам онкологиялық есепте тұрады. Жыл сайын олардың қатарына 1 мыңға жуық науқас қосылады. 

Шағымын айтып шамданған біздің кейіпкер ертең тағы жүргізілетін ем-домға кедергі келмесін деп, бет-бейнесін көрсетуден бас тартты. Осыдан бірер апта бұрын Римманың анасына ота жасалып, ол химия терапия алуға мәжбүр болған. Ішек ісігіндегі операциядан кейін онкологиялық диспансерде емнің бес курсын қабылдауы керек еді. Бірақ мұндағы ақ халаттылар қажетті препарат жоқ деп жылы шығарып салады. 

 Римма, шағымданушы: «Алғашқы ем алу курсына барғанымызда бізге кселон деген препараттың жоқтығын айтты. Операциядан жаңа шыққан анама ол ауадай қажет болатын. Шымкенттің бьарлық дәріханаларын шарлап шыққаныммен таппадым. Дәрігерлермен дауласып нәтиже шықпаған соң, араға таныс-тамырларымды салуға тура келді. Ақырында олар кселонды тауып берді. Біз алғашқы емдеу курсын аяқтадық. енді осы бірер күнде екінші курсты бастауымыз керек. Бірақ тағы да кселон тапшы деп отыр дәрігерлер. Енді тағы да араға адам салуы керек пе деп отырмын».

Мәселенің мәнін ұғыну үшін онкологиялық диспансер басшылығының есігін қақтық. Мұндағылар қазір шынымен де кселон препаратының тапшы екенін жасырмады. Жыл басында 10 мың таблеткаға тапсырыс беріліп, алдырылған. Бірақ қазір Швециялық препарат таусылды деп ағынан жарылды ақ халаттылар.

Константин Югай, онкологиялық диспансер бас дәрігерінің орынбасары:  «Бүгінде біздің емханада шынымен де кселон препараты тапшы. Біз оған қайтадан тапсырыс бердік. Бірақ ондағы өндірушілер бізді қамтамасыз етуге үлгере алмай жатыр. Біз берген тапсырысымызды күтіп отырмыз. Олар алдағы қыркүйек айында тағы 20 мың таблетканы жібереміз деп уәде етуде. Әзірге науқастарғға емдеу курстарын жүргізуге кселонды алмастырушы өзге де дәрі-дәрмектер бар. Сондықтан абыржудың қажеті жоқ».

Өзге алмастырушы препараттың әсері өзгеше болары сөзсіз. Мұны дәрігерлердің өздері де іштей сезеді. Айта кету керек, биыл онкологиялық диспансердің тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылуына 1 млрд. 300 млн. теңге қаржы бөлініпті. Бұл республикалық қазынаның қаражаты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы осылай мақтанды. Соған қарағанда онкологиялық диспансердегі ахуалдан мүлде бейхабар болса керек.

Жыл өткен сайын асқазан-ішек ісігі ауруларына шалдыққан науқастардың қатары қалыңдап жатқанын ескерсек, диспансер басшылының ертерек қамдануы керектігі айтпаса да айқын. Бірақ тапсырыстың кешігуін айтып сыныққа сылтау іздеу тыйылмаса талай емделушінің сырқаты сыр берері сөзсіз. Бұған бірінші кезекте денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ойлануы тиіс.