Садақа ізгілікке үйретеді

Қасиетті Рамазан айында істелінуі тиіс ізгі амалдардың бірі – пітір садақасын беру. Яғни, бұл амал шамасы жеткен адамға уәжіп саналады. Жалпы, пітір садақасының сауабы туралы не білеміз? Ол кімдерге берілуі тиіс?

Расында, адамзат баласының жәрдемге мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуі ізгі амалдардан. Әсіресе, шапағаты мол ораза кезінде хал-қадірімізше садақа беріп, өзгеге көмек қолын соза білсек, мол сауапқа кенелеріміз хақ. Рамазанда пітір садақасын беруді естен шығармағанымыз абзал. Өйткені, ұстаған оразамыздың кем-кетігін осы пітір садақасы толықтырмақ.

Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне каффарат болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі» -дейді.

Ал Құран Кәрімде Жаратқан Аллаһ: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Аллаһ тарапынан бір парыз. Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге. Оны жинауға белгіленгендерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), құлды азат етуге, борыштыларға, Аллаһ жолына және жолда қалғандарға беріледі. Аллаһ әр нәрсені білуші, хикмет иесі»,- делінген. Негізінен, асыл дінімізде пітір, зекет сияқты садақалар Алланың ризалығы үшін жасалатын ғибадаттың бір түрі.

Пітір садақасы һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы уәжіп болды. Алдымен кімдерге беру міндеттелгенін айта кетейік. Біріншіден, әрбір азат мұсылман бере алады. Одан кейін өзінің қажетінен артық мүлкі болған пенде міндеттелген. Сонымен бірге, пітір садақасы әрбір мұсылман ер және әйел үшін – уәжіп. Алайда оның ақыл есі болуы немесе кәмелетке толуы шарт емес.

Жалпы, Рамазан пітірі кімдерге берілуі тиіс? Бір адамның пітірі мұқтаж бір адамға ғана беріледі. Бір пітірді бірнеше адамға бөліп беру дұрыс емес. Бірақ бірнеше адамның садақасын біріктіріп, тек қана бір мұқтажға беруге болады. Ал сауап іздеген пенде садақаны ең алдымен жергілікті жердің мұқтаж кедейлеріне беруі тиіс. Шыны керек, қайырымды амалды қай уақытта жасау керектігін көпшілік біле бермейді. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады.

Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Бірақ бұл уақыттан бұрын немесе кейін беруге рұқсат. Егер де бір кісі қайырымды амалды Рамазан айы өткеннен кейін берсе, ол оның мойнында өмірінің соңына дейін қарыз болып қалады. Бір айта кетерлігі, пітірді себепсіз айт намазына дейін кешіктіру күнәға сеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар, пітірді қанша мөлшерде беру керектігін білгеніміз жөн. Садақаны тағамның төрт түрінен ғана беру – уәжіп. Олар – бидай, құрма, арпа және мейіз. Егер пітірдің құнын берсе де еш сөкеттігі жоқ. Айта кетейік, біздің облыста биылғы пітірдің құны әр адамға 100 теңге болып белгіленді.

Құрметті мұсылман бауырлар, Аллаһ ризалығы үшін жасаған амалдарыңыз, берген садақаларыңыз, жасаған дұғаларыңыз қабыл болсын!

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы-журналист: «Мұсылман болғандықтан діннің талаптарын орындауымыз ләзім. Пітір садақасы да адамды мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелейтін ғибратты амал. Сондықтан, садақаны беруден қашпаймыз. Алла нәсіп етсе, ҚМДБ бекіткен 100 теңгемді Қадыр түнінен алдын беру ойымда бар. Рамазанда сауапты амал жасауға ұмтылыңыздар деймін».

Күлия АЙДАРБЕКОВА, ОҚО мәдениет басқармасының бастығы: «Жалпы, қасиетті Рамазан айын қадірлеп өткізуіміз керек. Сауапты амалдарды көбірек жасауға ұмтылған жөн. Біз отбасымызбен Рамазанды асыға күтеміз. Таяуда орталық мешітте ауызашар бердік. Кез келген пенденің исламның шарттарын орындағаны қоғамға, өзіне үлкен пайдасы бар. Сондықтан, барша мұсылмандарды мейраммен құттықтай отырып, сауапты амалды көбірек жасауға шақырамын».

Самал МЫРЗАҚҰЛОВА, «Қазақтелеком» АҚ ОҚОФ-ның қызметкері: «Негізінен, әрбір ғибадаттың өзінің ерекшелігі бар. Әрбір қайырымды амал адамды кемелдендіре түседі. Рамазан айындағы садақаның да орны ерекше. Міне, Рамазанның алғашқы екі аптасы артта қалды. Әзірге, міндетімді орындаған жоқпын. Бірақ айт намазына дейін беруге тырысамын».