Сансыз сауапқа толы түн

Мың айдан да қайырлы - Қадір түні (Сурет muslim.kz сайтынан алынды)
Мың айдан да қайырлы – Қадір түні

Бүгін барша мұсылман баласы асыға күтетін, мың айдан да қайырлы – Қадір түні. Жүректердің иманға толып, Алла Тағаланың айрықша шуағына молынан шомылатын түн. Барша күнәлардан арылу үшін шын ықыласпен тәубеге келіп, Жаратқаннан кешірім тілейтін түн. Тот басқан жүректерді қайта тазартып, рухани кемелденуге ұмтылатын түн. Алла Тағаланың пенделеріне ерекше мейірім, шуағы төгіліп, рахымы түсетін түн.

Алла Тағаланың бұйрығымен бұл түні  Жәбрейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Шын мәнінде Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» деген. Яғни, көктен түскен періштелер жер бетіне сыймай кетеді екен.

Бұл түні Жаратушы иеміз жұмыр басты пендесіне келер жылғы тағдырын, ризық-несібесін жазады. Сол себепті де бұл түнді көз ілмей құлшылықпен өткізген абзал. Абзалдардың ең үлкені  – намаз оқу. Сондай-ақ бұл түнді ішкі дүниемізді рухани тұрғыда байытатын бейне фильмдерді тамашалап, діни кітаптар оқып, уағыз тыңдап өткізуге болады.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Аллаһ Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» десе, тағы бір хадисінде «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі» – дейді.

Ендеше Алла Тағаланың сансыз сауабынан құр қалмас үшін құлшылық амалдарын жасаумен өткізейік!