Қазақ драма театры жаңа маусымына шақырады

Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры

Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры кезекті еңбек демалыстарынан оралып жұмыстарына кірісті. Театр қыркүйек айында 79-маусымын ашатын болады. Осыған байланысты өнерлі ұжым үлкен залдарында жиналыс өткізді. Оған театрдың барлық әртістері қатысып, алдағы күндерге жоспар түзіп, атқарылар тірліктерді ортаға салып талқылады.

Бастарбек Пірімбетов, Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры: «Бүгінгі жиналысты облысымыздың 80 жылдығына орай өтетін іс шаралар жәйымен бастадық. Осыған байланысты бізде апталық өтетін болады. Сонымен бірге белгілі жазушы драматург Дулат Исабековтың 70 жылдығына арналған мерейлі кеш- Алматы қаласында театр фестивалімен аталып өтпек. Оған біз жақында ғана сахналаған «Енді қайттік?» атты қойылыммен баратын боламыз. Әрине дайындық керек. Уақытымыздың басым көпшілігін осы іс шараға дайындыққа жұмсаймыз деп отырмыз».

Театр шымылдығын қай шығармамен түретіні әзірге белгісіз. Ол көркемдік жетекшілердің еншісіндегі ауқымды жұмыс.  Айтпақшы, тағы бір жаңалық, «Жеңгетай» қойылымының екінші құрамасы құрылмақ. Сонымен бірге, кішкентай балаларға арналған «Ақымақ арыстан» ертегісі де бірер күнде кішкентай көрермендерге жол тартпақ.

Театр ұжымы толығымен жұмысқа шықты. Жаңа кадрлар мәселесіне келер болсақ, ұжым жылда жас актерлармен толықтырылып отырады. Биылда жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жастардың бірнешеуі арнайы  шақыртылыпты.
Ендігі мақсат- көрермендерді қуантып, ыстық ықыластарына бөлену.