Қайсысы дұрыс?

немесе «Ономастика комиссиясы қайда қарап отыр-2?»

Шағынаудандардың аттарын жазып, сол аймақтың кішігірім картасы салынып, үйлері нөмірленіп, Шымкентте осындай игілікті істер атқарылғаны белгілі. Бірақ, қалай болса солай. Олай деуімізге назарларыңызға ұсынылып отырған суреттер дәлел бола алады. Аталуын біріздендіруге шамамыз жетпей жатыр. «Күншығыс» мөлтек ауданы» деген дұрыс па? «Күншығыс» шағын ауданы» деген дұрыс па? Қалалық әкімдіктегілер бұл сұраққа есті жауап таппаған болулары керек, «өздеріңіз тауып алыңыздар» дегендей екеуін де жаздырып қойыпты. Тұрғындардың көңілі күпті, біз тұратын жер «шағынаудан» ба, «мөлтек аудан» ба дейді. Бұл кемшілік тек «Күншығыста» ғана емес, бірнеше шағынауданнан да дәл осындай қателіктерді кезіктірдік. Сонда әкімдіктегі тіл бөлімінің мамандары «көрмес, түйені де көрместің» сапында болғаны ғой?!

Бұл, бұл ма, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысымен 2007 жылы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі инс-титуты дайындап шығарған «Орфографиялық сөздік» кітабында «Шағынаудан» деген сөз бірігіп жазылатындығы айтылған (439-бет). Мұны Шымкент қалалық әкімдігінде сауаты жетіп, білетін азаматтың табылмағаны ғой… Сонда біздің ономастика комиссия-сы нені басшылыққа алады? Осындай көрнекіліктерді ілгізіп, тапсырыс беріп отырған қалалық әкімдіктің тірлігіне көз жұмып отыра бермек пе? Әй, бірақ, «мөлтекаудан» мен «шағынауданның» аражігін ажырата алмай, бірізділікті сақтай алмай жүргендерден не сұрарсың?!

Газетіміздің өткен нөмірлерінде жарияланғандай, «Ономастика комиссиясы қайда қарап отыр?» атты тақырыпқа оқырмандардың өздері де атсалыса бастағанын, кездескен кемшіліктерді суретке түсіріп, редакциямызға жолдап жатқанын айта кеткіміз келеді. Қоғам болып мемлекеттік тілдің мүддесін қорғап, ана тіліміздің жанашыры болсақ, түзетілмес кемшілік болмас.