Батыс және Ынтымақ-2 шағынаудандары ауыз сумен қамтылды

121

Шымкенттегі шалғай шағынаудандар ауыз сумен қамтылып жатыр. Батыс, Ынтымақ-2 елдімекендері бұған дейін тасымалды суды пайдаланып келген еді. Сондай-ақ, электр және газ жүйелерін кезең-кезеңімен жүргізу ісі де қолға алынуда. Ал әкімдіктегілер аудандағы инфрақұрылым жұмысын жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр.

Саттар Әшіровтің Батыс шағынауданына қоныстанғанына 6 жылдың жүзі болған. Ол мұндағы халық осы күнге дейін тек тасымалды ауыз суын тұтынып келгенін айтады. Өткен жылы елдімекенге 151 шақырымды құрайтын ауыз су құбыры тартылып, 10 мыңға жуық тұрғын таза сумен қамтылыпты.

Саттар Әшіров, Шымкент қаласының тұрғыны: «2020 жылдан бері «Мелиоратор» мекемесі біздің осы Батыс шағынауданында су жүргізу жұмысын бастап, осы 2021 жылдың ақырында су кіргізіп берді. Газ және электр жүйесі де тартылып жатыр».

Шалғайдағы шағынаудандарда судан бөлек, электр жүйесі өзекті мәселе. Өйткені, жекеменшік компаниядан алып жатқан жарық үп еткен желге өшіп қала береді дейді тұрғындар. Оның үстіне жарыққа төлейтін ақы да қымбат көрінеді.

Саттар Әшіров, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жарық мәселесінен проблема болғанда біз әлі жеке жарықта отырмыз, 24 теңгеден төлеп отырмыз. Бірақ өкіметтің жарық бағаналары тұрғызылды. Ол 2022-нің аяқталады деп айтылған, бірақ әкім мырза айтты жарық мәселесін 2022-нің орта шенінен асырмай бітіріңдер деп тапсырма беріп кетті».

Әкімдіктегілер ауыз су мен электр жүйесі кезең-кезеңімен әр шағынаудандарға тартылып жатыр дейді. Нәтижесінде бірнеше елдімекенде ауыз су мен жарық жүйесіне қатысты мәселе түбегейлі шешілген.

Әбілқайыр Оңғар, Абай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы: «Бізде қазіргі таңда 2021 жылы Игілік, Көкбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ шағынаудандарында электр құрылыстарының жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың пайдалануына берілді. Қазіргі таңда тұрғындар ОЖТ-дан техникалық шарттарын дайындап, тұрғын үйлерде абоненттік жұмыс толығымен аяқталды десек болады. 2021 жылға дейін бізде 8 елдімекенде тұрғындар тасымалды су пайдаланса, қазіргі таңда ол тоқтатылып, 24 сағат үздіксіз таза ауыз суға қол жеткізді».

Жауаптылар аудандағы ауыз судың қамту көрсеткіші 98 пайызға жетті деп отыр. Тіршілік нәрінен тарығып отырған жалғыз Құрсай шағынауданына биыл су жүргізіліп, 100 пайыз нәтижеге қол жеткізілмек.

Әлихан Файызхан