Тарихқа көз жүгіртсек, халық қамын ойлаған елшіл азаматтардың көпшілігінің журналистиканы серік етпегені жоқ. Алаштың ардақты азаматтары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, т.б. журналистиканы тәуелсіз мемлекет құру ісіне пайдаланған. Қан майданда жүріп бір қолымен қару, екінші қолымен қалам ұстаған хас батырлар: Баубек Бұлқышев пен Бауыржан Момышұлы ең алдымен жүрегі елім деп соққан көкірегі сәулелі журналистер еді. Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза, Сапар Байжановтарды саясат сахнасына көтерген де – журналистика. Олар ел өмірін жаза жүріп, мемлекет ісіне араласқан, біте қайнасып кеткен тұлғалар. Сауытбек Абдрахманұлы да осы соңғы толқынның тәлімін көріп, үлгісін алған қаламгер.
Сауытбек Абдрахманұлы әдебиеттану, өнертану, тарихнама тақырыптарына арналған қазақ және орыс тілдерінде бірнеше кітап жазды. Ақын Қуандық Шаңғытбаев аудармасындағы Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы тақырыбында филология ғылымының кандидаттығын сәтті қорғады. Кейін бұл еңбегі үлкен зерттеу кітабына айналды.
2007 жылы «Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады ( Ғылыми кеңесшісі: ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Асқарұлы Қасқабасов). Бұл «Өлең аудармасы» деп аты айтып тұрғандай, өлеңмен өрілген көркем шығарманың аудармасы хақындағы зерттеу еңбегі. Ал көркем аударма аударматанудағы ең бір күрделі де қиын сала екендігін оқырман жақсы біледі.
Диссертациясында ізденуші өзінің зерделі зерттеуші екендігін айқын дәлелдеді. Ғылыми еңбегінде қазақ поэзия аудармасының өткен тарихын толық сараптап-саралап, теориялық тұрғыдан таразылап, тың пайым жасады.
Сауытбек Абдрахманұлы терең білімімен, парасаттылығымен,іскерлігімен, сарабдал саясаткерлігімен, көрегенділігімен үштағанды, яғни билікті,басылымды, бұқараны ұштастыра алған көрнекті тұлға.
Ел басқару ісінде биліктің саясатын бұқара халыққа тиімді таратуға бағзы заманнан ең дарынды адамдар ғана шақырылған. Сократ, Платон, Аристотельдерден бастап, Әз Жәнібектің ақылманы Аяз би де осы жолда өз ғұмырын сарп еткен. Өйткені билік тұрғысындағы дұрыс саясат үшін пәрменді насихат керек. Олай дейтініміз – халық санасынан өтпеген саясаттың маңдайы ашылмайтыны тарихта сан мәрте дәлелденген. Сондықтан да сол саясатты жүзеге асыру үшін қоғамның сүт бетіндегі қаймағын билік орынды пайдалана алғаны абзал.
Тәуелсіздік алып, дербес ел болу жолында саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар табиғатын түсіндірумен қатар, жаңа жас мемлекеттің идеологиясын халықтың тарихи санасына айналдыру ісінде ұлтжанды, жаңаша ойлай білетін адамдарға таңдау жасалды. Екі ғасыр тоғысында, яғни 2000 жылы таңдау Сауытбек Абдрахманұлына түсті. Өйткені ол мемлекеттік қызметтің бұған дейінгі биік сатыларынан барынша сүрінбей өткен болатын. Бас газеттің ұжымы да бұл тағайындауды жылы қарсы алды.
Бірақ қызметке келу басқа, істі келістіру бір басқа. Тактикалық шаруаларды тап-тұйнақтай етіп жасау көп адамның қолынан келетінін көріп жүрміз. Бұл да – өнер. Дегенмен кішкентай өнер. Өнердің үлкені – стратегиялық істердің буынын босатып алмай, көрінуі қиын көмбеге барар жолда бағдарыңды жоғалтпай, бар шаруаңды тындырып, бабыңмен жету. Сауытбек Абдрахманұлы екі міндетті де мінсіз орындап отыр.
Айтары жоқ, ол – газет миссиясының да, өз миссиясының да табиғатын терең түсінген басшы. Қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің статусы да осы қағида айналасында айқындала түсті. Дәлірек айтсақ, Сауытбек Абдрахманов ұстанымы арқылы. Ол атышулы «Біз Тәуелсіздікке тәуелдіміз» деген сөзі арқылы қоғамдағы азаматтық ұстаным төңірегіндегі рух ұлылығынан алыс дау-дамайға нүкте қоя білуімен ерлік жасағанын біз ешқашан ұмытпауымыз керек.
Пайымы мол публицист кесек сөзі арқылы заманауи мемлекетшілдіктің ұранын асқақтатты. Жай ұрандатып ғана қоймай, билік жүйесі мен бұқараның арасындағы байланыстың берік қазығын баянды сөзімен барынша санамызға терең сіңдіре білгендігімен де құнды. Тәуелсіздігімізді қорғайтын канондарға берік болуымызды қадап айтқандығымен де барша жұртты иландыра алды. Осыдан кейін «Егер мемлекетіңді сүйсең, оның мүдделерімен өмір сүре білу керек» деген патриоттық сезімге бір сәтке де селкеу түсірмейтін Абдрахмановтық характердің қапысыз екенін мойындайсыз.Тәуелсіздікке тәуелді туындыгер он жылдан астам уақыт бойы өзі басқарып отырған басылымының осы мәртебесін теориялық тұрғыдан дәлелдей білді, практикалық тұрғыдан туын бір сәтке де төмендеткен жоқ.
Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынасы елдің ең басты басылымы арқылы жүзеге асатынын ескерсек, қайраткер басшы еңбегі Президент институтының көп қырлы қызметіне тұтас қоғамның түсіністікпен оң ықпал етуіне жол аша білуімен де ерекшеленеді. Бас басылымды басқарып отырған жылдардағы өлшеусіз еңбегі әлеуметтік топтардың өз мүдделерін билікке жеткізуін қамтамасыз етумен қатар, олардың өз ұсыныстарын нақты айту арқылы мемлекеттік басқару ісіне араласуын қамтамасыз ете білуімен де бағалануы тиіс.
Оның мемлекеттік басылым жұмысын ұтымды ұйымдастырушылығымен қатар, заманауи қазақ саяси журналистикасы қалыптасуының бастауында тұрғанын да айтатын кез келген тәрізді. Осы саланың ізашары екенін дәлелдеген адам екені ақиқат.
«Егемен Қазақстан» Сауытбек Абдрахмановтың басшылығымен тәуелсіздіктің жаршысына, еліміздегі ынтымақ-берекенің ұйытқысына, жақсылық пен кісіліктің ортасына айналды. Газеттің абыройы асты, беделі өсті. Халыққа кең тарағаны сол, жазылым тиражының өзі 170 мыңның үстіне шықты. Газеттің әрбір санын оқырман асыға күтеді. Сөйтіп, Сауытбек пен «Егемен Қазақстан» егіз ұғымға айналды.
Сауытбек Абдрахманұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалалары мен сұхбаттарының дені мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы әлемдік қауымдастықты елең еткізер ірі оқиғаларға арналған, сондай-ақ ол қоғамдағы өзекті мәселелерді де назарынан тыс қалдырған емес.
Қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманұлының ел ісіне, әлемдік саясатқа қатысты мақалаларын оқыған көзі қарақты қауым — біздің қарама-қайшылықты әлеміміздің немен тыныстап, қандай қиындықты еңсеріп жатқанынан хабардар болады. Қай тұрғыдағы сын сабақты жеңуге ұмтылыс жасағанымызды біле түседі. Мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясаттағы қол жеткізген жетістіктеріне көз жіберіп, көңілі тиянақтайды.
Сауытбек Абдрахманұлының шығармашылығының өзекті арнасын — Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мемлекеттігімізді қалыптастыру, оны орнықтыру, баянды ету жолындағы орасан еңбегін кең, ашып жазған еңбектері, сұхбаттары құрайды. Ішкі тұрақтылыққа, сыртқы сарабдал саясатқа, дамудың әлеуметтік іргесінің беріктігіне қол жеткізген, экономикамыздың еңсесін тіктеген Елбасының өлшеусіз үлесін зерделеп, айқындап береді.
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Фариза Оңғарсынова «Парасат биігі» атты мақаласында: «Елбасының әрбір сапары және ол барған ел, ол елдің өткені мен бүгіні, саяси экономикалық жағдайы – бәрі бәрі Сауытбектің жазбаларында көркем шығармаға бергісіз шеберлікпен суреттеледі.
Менің таңғалатыным – екі үш күндік жолсапарда бір мемлекеттің тарихы мен бүгінін осынша терең біліп баяндау кез келген журналистің қолынан келе бермейді», деп С. Абдрахмановтың қаламгерлік қабілетіне жоғары баға береді.
2000 жылдың өн бойында «Егемен Қазақстан» газетінде күнбе-күн жарияланып, көпшіліктің ықыласына бөленген «Адамзат күнтізбесі» 2002 жылы жеке кітап болып шықты. Бұл еңбектің әр күн сайын бетін бір ашып қойғанның өзінде дәл сол күні адамзат тарихында қандай оқиғалар өткенін, дүниеге кімдер келіп, кімдер кеткенін, олардың жұмыр Жерде қандай із қалдырғанын біле аласыз. «Адамзат күнтізбесі» жер бетінде адамзат қоғамы пайда болғаннан қазіргі заманға дейінгі шежірені баяндап, ағарып атқан, қызарып батқан әр күннің тарих екенін, яғни сіз бен біз өмір сүріп жатқан уақыттың да әрбір тәулігі ертеңгі тарих болып табылатынын, сол үшін де мына жарық дүниенің әрбір сәтін қадір тұту, қастерлеу қажеттігін, ең бастысы- болашақтың алдындағы жауапкершілікті ұмытпау керектігін ұғындырады.
Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Қатарынан озып туған» деген мақаласында былай деп жазады: «Мен білетін Сауытбектің бір басында ойшылдық та, жазғыштық та, шешендік те, тереңдік те қатар жарасып тұр. Сөйлессең сабаңа түсесің, көңілің орнығады. Тұңғиық жан. Елдікті, кеңдікті, тереңдікті, ұлтжандылықты тереңнен қозғап жазып келе жатқан ойшылдығына, ізденімпаздығына тәнтімін. Қойдай қоңыр бола жүріп, үйдей іс тындырумен келеді… Сауытбек — терең зерттеуші. Бойын жасырған жүйрік секілді. Көп адамға ішін бермейді. Қарапайым. Оның дандайсығанын көргенім жоқ. Жел сөзді, әсіре мадақтауды ұнатпайды. Дарияның суасты ағысы секілді, буырқанбай да, арқырамай да, сарқырамай да, тереңнен шымырлап ағады. Сыйластыққа адал, бірсөзді жігіт. Жазған дүниесі де, айтқан сөзі де ірі, орнықты. Ол кешегі Өзбекәлінің, бүгінгі Елбасының үлкен мектебінен өтті».
Көрнекті қаламгердің Пушкин шығармаларының қазақ тіліне аударылу мәселелеріне арнаған мақалалар сериясы 2000 жылы Қазақстан Рес-публикасы Президентінің сыйлығына ие болса, 2006 жылы Пушкинистика саласындағы еңбектері үшін Ресей сөз өнері академиясы «Ревнителю просвящения» медалімен марапатталды. Зерттеу тақырыбы бойынша «Біздің Пушкин», «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телтума» атты бірнеше кітаптар жазып, аударма ғылымына елеулі үлес қосты. Пушкин шығармаларындағы түркітілдес сөздердің мән-мағынасын ажыратып, түгендеп шығу оңай жұмыс емес. Ғалым ерінбей-жалықпай, қажырлы қаламына, жарқын ой-жігеріне сүйеніп, «Вер бана ат. Пушкинтану
парақтары» кітабында Александр Сергеевич Пушкиннің он томдық академиялық басылымынан түркизмдер ретінде 217 (екі жүз он жеті) сөз тапты.
Сауытбек Абдрахманұлының белгілі француз классигі Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романын қазақшаға аударуы өз алдына бөлек еңбек. Кітапты оқып отырып, жаңа замандағы Францияның саяси тарихы мен әлеуметтік ахуалына өзіңше талдау жасап, мемлекеттік билік, қоғамның әлеуметтік қабаттары туралы, Париждің географиясы, қала құрылысы, мәдениеті мен халқының азаматтық ұстанымдары туралы жан-жақты мағлұмат аласың. Оқып отырып, өткен ғасырларға, алыс елге саяхат жасайсың, оқырмандық ләззатқа бөленесің. Париждің бір кездегі рухани тыныс-тіршілігіне қайран қаласың.
Сауытбек Абдрахманов – кино өнері туралы мақалалардың, шығарма портреттердің, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, Н.Жантөрин, т.б. танымал суреткерлермен сұхбаттардың және бірнеше деректі фильмнің авторы. Сонымен қатар «Отбасы өміріндегі әдеп пен психология» оқулығын, Д.Кабалевскийдің «Сырлы саз бен сұлу сезім» кітабын, «Бейбарыс сұлтан» атты романды, 40-қа жуық көркем фильмді қазақшалады. «Біздің Пушкин» (1999), «Тәуелсіздік шежіресі» (2001), «Адамзат күнтізбесі» (2002), «Елдік сыны» (2003), «Вер бана ат», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэ-зии и поэзия перевода», «Қашаған құрықтаған Қазақстан» т.б. кітаптары шыққан. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушы-авторы.
Тамаша туындыларды талдамау керек, тамсанып оқу керек. Сондықтан да «Қашаған құрықтаған Қазақстанды» оқуға кеңес беруден басқа қайран жоқ. Осы еңбектен кең масштабта ойлауды, білімпаздықты, байқампаздықты, ірі сөйлеуді, кесек турау мен мөлдіретіп нәзік жазудың да элементтерін көптеп ұшырататыныңызға кепілдік береміз.
Аталмыш кітапты оқыған адам оның сұхбат жанрының қас шебері екеніне де көз жеткізеді.
Сауытбек Абдрахманұлының ел алдында атқарған еңбектері мен шығармашылық жұмыстары бағаланып, бірнеше марапаттауларға ие болды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Журналистика саласындағы Президент сыйлығының лауреаты, Б. Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының (1981), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1982) лауреаты, «Жыл журналисі» (2006), «Парасат» орденінің иегері, Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен, Украинаның «За працю і звитягу» («Ерлігі мен еңбегі үшін») медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі.
Сауытбек Абдрахманұлы мен оның жары Мария Қайыржанқызы Асқар, Әлия, Әсел, Әнуар атты ұлтжанды, рухы биік ұл қыздарды және немерелерді тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
Қорытындылай келгенде Үштағанды ұштастырған тұлға, Сауытбек ағаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс,отбасылық береке- бірлік, тәуелсіз елімізге тыныштық тілейміз.
Баршагүл Исабек,
ОҚМПИ-ның тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
/p