116 күнделік жазған әртіс

Мәжит ағай немересімен

 

Мәжит Ілиясқаров үшін күнделіктің сарғайған әрбір беті ыстық

Сарыағаштың орталығында «Шұғаны» қойдық. Мен сөзімді түгел айттым. Бірақ далада қойғандықтан ба білмеймін, образға кіре алмадым. Режиссер Виктор Иванович Дьяков бәрімізге қатты жекіді:- Нет жизня, если нет жизня, а какой же там должен быть спектакль, не говоря совсем об образе. Дормоеды! Хальтурщики!Я не получил удовольствие, наоборт отвращение от 

1963 жылдың 20-шы мамырында жазылған күнделік

вас! А зритель скучал по моему. Не работаете над собой. Безответствены к себе, к другим и к исскуству. Завтра уеду» -деді.

Бұл жазба күнделікке 1963 жылдың 20-шы мамырында түсіпті. Мәжит Ілиясқаров осылайша өзінің бір күнделігін Сарыағаш ауданына барған гастролдік сапарына арнаған. Ол кезде 6 ай бойына облыстағы ауылдарды аралап, күнделікті спектакльдер қоятын едік, — дейді актер. Режиссердің шығармашылық топ жұмысын бақылауға бір күнге келіп-кеткені әртістердің келесі ойындарына үлкен өзгерістер әкелді. Театр өнерінде жүргеніне 55-жылдан асқан Мәжит Ілиясқаров беттері сарғайған күнделіктің әрбір бетін оқыған сайын сол сәттерге саяхат жасағандай күйге енеді.

«Бір күнде айлығым 10 сомға түсіп кетті»

— Мен ол кезде осындағы театрға келгеніме небәрі 1-ақ жыл болатын,-деп Мәжит аға әңгімесін әріден бастады. — Консерваторияның театр бөлімі, актер мамандығын тәмәмдаған мені кадр бөлімі Жамбыл облысындағы Абай атындағы драма театрға жіберген еді. Бір жылдан соң осында ауыстым. Өйткені Жамбыл, Қызылорда, Шымкент театрлары үшеуі бірігіп, өлкелік театр болып құрылып жатты. Академиялық театрдан Ошат Рахимовты алдырды. Сөйтіп екеуміз осында бірге келдік. Әлі есімде, театрдың фойесінде жиналыс болып жатты. Төрт бірдей еңбегі сіңірген әртісті зейнеткерлік жасына байланысты жұмыстан босатып, орнына екеумізді алмақшы болды. Орысша-қазақша тілдегі жиналыста үлкен айқай болып жатты. Ал біз екеуміз сүмірейіп есіктің сыртында отырмыз. Мен автобуспен келгенмін. Үсті-басым шаң, мына түріммен театрға қабылдай ма, жоқ па деп отырмын. Ошекең (Ошат Рахимов) шырттай киінген. Министр сияқты. Ол Құрманбек Жандарбековтің туған жиені. Әйтеуір сол күні екеумізді де қабылдады. Менің түріме қарап аяса керек, 75 сом жалақы төлейтін болды. Ошатқа 65 сом беретін болды. Ертесіне алғашқы спектакльден соң, оның ойыны қатты ұнаса керек, оның айлығын 10 сомға көтеріп, менікін түсіріп тастады. Қанша дегенмен ол Алматыдағы академиялық театрдан келген ғой, шеберлігі ұшқыр…

— Бұл қызықты сәттерді де күнделікке жазған шығарсыз?
— Әрине, мен күнделікті студент күнімнен жазатынмын. Асанәлі Әшімов жақында оңтүстікке келген сапарында «Мәжит күнделік көп жазады. Бірақ жариялауға бермейді» деп әзілдейді. Ол да әлі күнге дейін күнделік жазады.

Әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Біз отырған бөлменің төрт қабырғасының 3-еуінде шкаф. Сөрелер толған кітап, күнделік, құжаттар. Ақтарып жүріп, Мәжит ағай кенеттен балаша шаттанды. «Таптым, таптым. Мына сары қағаз мен үшін бәрінен де қымбат».
Бағдарлама екен. Онда «Миллионның гүлі» драмасы деп жазылған. 1961 жылы қойылған. Авторы — Жақсылық Сәтібеков. Енді түсіндім. Басты рөлде Исатай қойшы — Мәжит Ілиясқаров деп жазылып тұр.

 

«Мені әртіс еткен қойшы мен қой»

Миллионның гүлі

— Театрға жұмысқа орналасқандағы алғашқы рөлім Исатай қойшы болатын. Сондықтан бұл кейіпкер мен үшін ыстық. Әрі сол рөлімнің шынайы шыққанын ұжым да мойындаған еді. Қойшының образына енудің қиын болмағаны мектеп бітірген соң, ауылда 2 жыл қой бағуымның ықпалы деп ойлаймын. Әрі оқуға да соның арқасында түстім. (Мәжит ағай рахаттанып күліп алды.) Орта мектепті бітірген соң ауылда екі жыл түрлі жұмыстарды атқару міндеттелетін. Бір күні қой қырықтықта жүргенмін. 1957 жыл болатын. Содан бір «Тілеуқабақты» шырқап кеп жібердім. Дауысыма тәнті болған Серікбай деген мал дәрігері конкурс өтіп жатқанын айтты. Қатысып, соңында әйтеуір консерваторияға кеп қалдым. Кәсіби маман, Халық әртісі Асқар Тоқпанов деген кісі қабылдап жатқанын айтып жатты жанымдағылар. Консерваториядағы театр бөлімі, актер мамандығының ашылғанына бір жыл болған екен. Бізге дейін Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріповаларды қабылдаған. Дайындалып емтиханға кірдім. Қасым Аманжоловтың өлеңін, Николай Гогольдің шығармасынан қарасөз жатқа айтып, этюдке кезек келді. Ең қиыны — сөзсіз қимыл. Содан қой қырқу науқанын көрсетпек болдым. Қолыма қырықтықты алып, қойды ұстап алып, төрт аяғын байладым. Қырқуды бастадым. Жүнді жинап алдым. Болған кезде қойды жібергенім сол, аяғымен теуіп кеп жіберді. Ауырсынғанымды көрсетіп жатырмын. Арқар-меринос деген қойдың жүні таптырмас еді. Соны өлшеп өткізіп, қайтадан қораға кірген болып, емтихан жүріп жатқан бөлменің есігінен әрі қарай шығып кеттім. Қабылдағандар кейін мені еңбек тақырыбына этюд жасаған жалғыз адам деп мақтап жатыр. Ол кезде түсінбейміз. Әйтеуір түскеніме қуандым. Бұл күндерді күнделікке жазбасам да, ешқашан ұмытпаймын…

«Алтын сақа» спектаклінің бағдарламасы

Бұдан соң ескірген бағдарламалардың ішінен 1950 жыл деп жазылғанына көзім түсті. «Алтын сақа» төрт актілі ертегі пьеса деп жазылған. Авторы — Қапан Сатыбалдиев. Режиссері — Ғайни Хайруллина.
— Оқуға түскеннен күнделік жазуды бастап, ал театрға жұмысқа орналасқаннан кейін спектакльдердің бағдарламаларын жинай бастадым. Бүгін жай ғана бір парақ қағаз сияқты болып көрінгенімен, ертеңгі тарих деп білдім. Ол қойылымдарда мен ойнамасам да бүгінде аты аңызға айналған әртістердің есімдері тұр. Островскийдің «Жазықсыз айыптылары» деген мына бағдарламаға биыл 62 жыл болды. Күннің көзі, су тимесін деп әбден орап қойғанмын.

— Бағдарлама шынында да құнды құжат. Әсіресе театрдың мұражайына таптырмас дүние. Мұның барлығын кішкентай бөлмеге жинағанша, театрға беріп, жастарға тапсырмайсыз ба?

— Театрда мұражай болса, қуана берер едім. Оны ашу жайлы ұжымдағы үлкен әртістер қаншама рет айттық. Өтініш жасадық. Бірақ келген басшылар уәде берумен шектеледі. Орындап жатқан біреуі жоқ. 80 жылға жуық тарихы бар қара шаңырақтың мұражайы жоқ деп айтудың өзі ұят. Осы театрдың тарихына қажет болар деп бір жылдары Алматыдағы Ұлттық кітапханадан театрға қатысты мақалаларды іздедім. Біраз құнды дүние таптым. Көшірмелерін жасатып алдым. Сонда маған бір ой келді. Мақала жазсам ба деп ойлап жүрмін. Өйткені өзімде де құнды жазбалар мен құжаттар біршама бар сияқты.

 

«Театрдың алғашқы директоры Берешук емес…»

— Менде театрымыздың алғашқы әртістерінің бірі Жүсіпов Мәлхаджар деген кісінің құжаттары бар. Оның аздап жазушылыққа бейімі бар еді. Ол

Театр әртістері

кезде қазіргідей компьютер деген жоқ. Кейіпкерлер сөзін, бағдарламаны қолмен теретін. Мәлхаджар бүкіл рөлдерін жазып, кітапша етіпті. Сонымен бірге бүкіл өзіне қажетті құжаттарды жинақтаған. Ол кісінің әйелі Фаузия Шериязданова да әртіс еді. Жары күйеуінің құжаттарын жинап маған тапсырды. Өзі өмірден өтерінде мені шақырып, айтқандарын қағазға түсіріп алдым. Соның ішінде қызықты деректер бар екен. Бір жерінен үзінді оқып берейін. Былай депті: «1934 жыл. Директорымыз Покровский деген кісі болатын. Лев Осипович оның орынбасары. Ашық театр дейтінбіз ол кезде. Сонда ойнайтынбыз. Жалақы қолға тисе, қазақбайша жүре беретінбіз. Қыста 20-30 адам бір жерде тұрамыз. Режиссеріміз Рәміш Абдрахманов еді. Ол кісі «Талтаңбайдың тәртібін» қойды. Сонда қызды ойнадым. Атын ұмытып қалдым. Бір-екі жерінде ғана шығатынмын. Басты рөлді Гүлжамал Батырғалиева, Ақбөпе Дәукенова ойнады. Тәкен, Мәлхаджар, Рәміште кейіпкерлерді сомдады. Көлік жоқ. Станциядан театрға фаетон, өгіз арбамен, қыста шанамен келетінбіз. Бір жылдан кейін директорымыз Покровский кетіп қалды да, оның орынбасары Берешук басшылыққа тағайындалды».

Мәжит ағай немересімен

Мәжит Ілиясқаров сурет жинауда да ұқыпты екен. 10 шақты альбомның ішінде көбі театрға қатысты суреттер. Әрине, ол 75 жыл ғұмырының 55 жылын осы өнерге арнады емес пе?!