Балаңыз тамақ ішіп жүр ме?

1278

Көбіміз баланың тамақтануына жіті көңіл бөле бермейміз. Өзіміз жейтін тамақты балаларға береміз, дүкендерде өнімнің сапасына қарап жатпаймыз, тамақтану рационын білмейміз. Осының бәрі баланың денсаулығына, оның болашағына әсер етеді. Жоғарыда айтылғандай, бала денсаулығы оның кішкентай күнінен бастап-ақ бұзылады екен. Уақыттың тығыздығын сылтау ететін көптеген ата-ана осыған мән бермейді. Бұл – үлкен қателік. Баланың тамақтануына аса мұқият-тылықпен қарау керек.

 Балаларды тәтті тағамдармен көп еркелетудің соңы қант ауруына әкелетінін ұмытпау қажет. Оның орнына дәрумені көп йогурт, жеміс-жидекті сатып алған дұрыс. Ескеретін тағы бір жайт, өңірдегі балалардың 80%-дан астамы тіс ауруларына шалдыққан. Бұған себеп – бір жағынан, тісті дұрыс тазаламау болса, екінші жағынан, баланың қоректенетін тамағынан. Балаңыздың ағзасы Д дәруменіне бай болсын десеңіз, сөмкесіне майлы құрт, алма, алмұрт салып беріңіз. Әрі тойымды әрі пайдалы.

 Жасы өскен сайын баланың энергетикалық қажеттілігі көбейеді, ағзаның қалыптасу кезеңдері басталады. Ересек баланың тұрақты асы – ботқа болуы керек. Дәл осы кеңесті біздің педиатрлармен қатар, Ресей және Еуропаның дәрігерлері айтуда. Бүгінде таңертеңгі асты көптеген балалар ішпейді. Тәбеті жоқ деп ата-аналар да көңіл бөлмейді. Бұл да дұрыс емес. Бұл ағзаның тепе-теңдігін сақтамайды. Сонымен қатар физикалық күшті әлсіретіп, ойлау қабілетіне кері әсер етеді.Сондықтан таңғы уақытта оқитын баланы ата-анасы қадағалап, міндетті түрде таңғы асын беруі керек. Ал түскі ауысымда оқитын бала үшін көже, сорпа, ет, балық секілді тағамдар пайдалы. Мектеп асханасының рационы осындай болуы керек. Ал біздің мектептердегі түскі ас көбінесе макарон өнімдері болып жүр. Одан бас тарту керек. Себебі, үнемі ұн тағамдарын пайдалану ағзадағы калория-ны әрі холестерин мөлшерін көбейтеді. Сондықтан, баланың тамақтануына аса үлкен мән беріңіз.

Айнұр НҰРБЕКОВА, Шымкент қалалық №6 емхананың дәрігер-педиатры

Оқушы тәуліктің 7-8 сағатын мектепте өткізеді. Барлық мектепте асхана болмайтындықтан, балаға тамақты арнайы ыдысқа салып беріп жібергеннен басқа амал жоқ. Нан, булочка түрлеріне, салаттар мен құймақтарды қосу қажет. Есте сақтайтын нәрсе, бала күніне 5 уақыт тамақтануы керек! Оның үшеуі – ыстық тамақ. Осы айтқандарды қатаң сақтау арқылы баланың денсаулығын жақсартуға болады. Үлкендерге қарағанда, балалардың энергетикалық қажеттіліктері басқа. Ағзаның құрылыс материалы болып табылатын ақуыз етте, жұмыртқада, балықта және ірімшікте көп. Және де мұның бәрінің майлылығы төмен болуы тиіс. Ал тұздалған, қуырылған, жартылай пісірілген, қақталған тағамдарды көп бермеген абзал. Себебі олар асқазан мен ішектің қызметін бұзады. Әр күн сайын бала үнемі сүт және сүт өнімдерін – айран, ірімшік, йогуртты ішіп отыруы қажет.

 Ата-ана баланың сөмкесіне түстікке печенье, құймақ, тоқаштар, зефир, мармелад ұсынуына болады. Асханада міндетті түрде кисель, айран,компот сусыны болуы керек. Бұл түскі ас пен кешкі ас арасын жалғайтын құнарлы ас болып табылады. Кешкі ас – ең соңғы тамақтану кезі саналады. Одан кейін ештеңе жеуге болмайды. Өйткені одан кейін тамақ ішілсе, асқазан жүйесі бұзылады. Кешкі ас ыстық тағам болуы тиіс. Назар аударылуы керек тағы бір мәселе – тоя жемеу. Дәрігерлердің айтуынша, егер тамаққа 60-70%-ға тойдым дегенде, ауқаттануды аяқтау керек. Ол асты асқазан қорыта алмауы мүмкін. Сөйтіп, қорытылмаған ас қалдықтары тасқа айналып, бауыр, өт, бүйректің жұмысын нашарлатады. Қарапайым рацион, тамақтану жүйесі осындай болу керек.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА

  • Керек дерек

 Облыста 377 838 оқушы ыстық тамақпен, 55 839 оқушы буфеттік тамақпен қамтылған. Аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 29 358 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.

Облыста 697 мектепте ыстық тамақ, 156 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған.