Редакциямызға Бәйдібек ауданы Ақтас ауылының тұрғыны Шернияз Кенжетаевтан хат келіп түскен болатын. Арыз иесі Бейсен Жарқынбаев екеуінің арасындағы жер дауын жазыпты. Хат авторы Шернияз Кенжетайұлы аумағы 2 гектарды құрайтын «Қаңтарбай» деген жер учаскесіне шешім шығара алмай жүр екен.
Сол кездегі Борлысай ауыл округінің әкімі Қ.Бердалиев пен жер инспекторы Т.Батырбековтың егуге жер бөліп беріп, артынша шешім шығармаған. Шешім шығару үшін аудандық жер комитетінің бастығы Ә.Алмабаевтың алдына барғанда, ол «еге беріңіз» деп шығарып салған екен. Бұл кісі басшылардың сөзіне сеніп көктемде 1 гектар жерге көкөніс еккен. Көктемде жайқалып өсіп келе жатқанда Бейсен Жарқынбаев «менің жерім» деп талас тудырып, еккен картоп пен пиязын айдатып, 1 гектар жердің қоршалған шарбағын бұзып тастаған. Сөйтіп орнына өзі алма көшеттерін отырғызыпты.
Жоғарыдағы мәселелердің ақ-қарасын ажыратып, журналистік зерттеу жүргізу мақсатында Ақтас ауылына тарттық. Алдымен Шернияз Кенжетаевқа жолығып, даудың туындауына себепші болған жердің басына барып, мән-жайға қанықтық. Расында арызда айтылғандай қоршаудың бір бөлігін алып, картоп пен сәбіз егілген 1 гектар жер трактормен айдалып, орнына алма көшеттері отырғызылыпты.
— Былтыр көктемде көкөніс егіп, өнімін алдық. Сөйтіп күзде жұмысшыларды жалдап, сәбіз бен Ресейдің таңдаулы сортты картобын ектік. Оған 600 мың теңгедей шығын кетті. Егер басшылар шешім шығара алмаса, басында егуге неге рұқсат берді?! – дейді Шернияз Кенжетаев.
Бұл туралы Бейсен Жарқынбаевтың өзінен болған жайдың анық-қанығын түсіндіріп беруін сұрадық.
— «Бұрынғы «Ақтас» ұжымдық кәсіпорны 1994 жылы 7-ге бөлініп, пайдық үлеске берілген. Соның бірі – «Сары ойлық» ұжымдық шаруашылығының құрамында 116 отбасы болған. 2004 жылы «Сары ойлықтан» бөлініп, «Рәт» шаруа қожалығы құрылды. Оның төрағасы Рәт Жарқынбай өзімнің балам. «Рәт» шаруа қожалығында шабындық, жайылымдық, егістік жерлерді қосқанда 117 гектар жер бар. Мына өзен маңы осы шаруашылықтың ішінде. «Рәт» шаруашылығы жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде шаруашылық құрамында 350-дей уақ мал бар, 80 ірі қара, 15 шақты жылқы бар. 32 гектар жерге мақсары, бидай егеміз. Бұрыннан шаруашылықтың ісін дөңгелетіп келе жатырмыз. Енді алма бауын қолға алдық. Бау егуге шамамен 3 миллиондай қаржы кетті. Күздігүні картоп егіп, көктемде жинап алған диқанды қайдан көрдіңіз?! Мен жер айдар алдында ауыл адамдарын, ардагерлер кеңесінің төрағасы, жер инспекторы, әкімшілік қызметкерлерін, депутаттарды арнайы шақыртып көрсеттім. Бір картоп табылмады. Ештеңе де жоқ. Егер өнім шынымен алынатын болса жұрттың бәрі күзде картоп егіп, көктемде жинап алмайды ма? Мен заңсыз әрекет етпеймін. Мемлекеттік қызметте 40 жыл істеген адаммын. Колхоздың директоры да, әкім де болдым. Ешкімге қиянат жасаған емеспін.
Былтыр көктемде жерімді айдап тастапты. Содан мен жер инспекторынан: «Мұны неге айдады, кімнен рұқсат сұрады» екен дедім. Сөйтсем ол: «сіздің қолыңыз бәрін игеруге тимейді. Жартысын игеріңіз де, қалғанын уақытша бере тұрыңыз» деді. Мен одан соң «ол кісімен сөйлеспеймін, арты дау боп жүрмесін» деп ескерттім. Жер инспекторы Темірәлі болса: «Болды ендігі жылы босатып береді. Мына жақтан 14 гектар жер беріп жатырмыз.» –деді. Мен биыл жер инспекторына да, Ернияз деген інісіне де «шарбағын жинап алсын» — деп айттым. Болмағаннан соң өзім алып тастадым. Жерді айдау үшін шарбағының тек бір бөлігін ғана алып, айқай болмасын деп оны шетке жинастырып қойдым. Сөйтіп өзен жағасын іске жаратып, 3600 түп алма ектім.
Темірәлі Батырбеков, Борлысай ауылдық округінің жер инспекторы
– Шернияз Кенжетайұлының жер сұрап келген уақытында мемлекеттен «бос жатқан жерлерді, өзен жағалауларын бау-бақшаға пайдалаңындар» деген тапсырма түскен болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, Шернияздың ұлы Арнияз екеуміз Бейсен Жарқынбаевқа бардық. Сонда Бейсеннің өзі «Қаңтарбайдағы» 2 гектар жерді Арниязға 1 жылға пайдалануға рұқсатын берді.
Сол 5 гектар жер «Сары ойлық» шаруашылығынан бөлініп отырған «Рәт» шаруашылығының иелігінде. Алмабаевтың өзі «өзен маңына арнайы мемлекеттік құжат жасап бере алмаймыз, бірақ шаруашылық жерінің ішінде жатқандықтан оны пайдалана бересіз» деді. Ал «Рәт» шаруа шаруашылығының барлық құжаттары бар. Оны кімге болса да, қай жерде болса да көрсетіп бере аламын» – дейді Бейсен Жарқынбаев.
Мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, аудандық жер комитетіне бардық.
– Біріншіден, Шернияз Кенжетаев маған жер сұрап келген емес,-деді аудандық жер комитетінің бастығы Әнуар Алмабаев. – Екіншіден оған «ек, екпе» деп нұсқау бере алмаймын. Кезінде ол жердің заңды иесі болған «Сары ойлық» шаруашылығынан «Сенімтас» шаруашылығы бөлінген. Ал «Сенімтастан» «Рәт» шаруа қожалығы бөлініп отыр. Түптеп келгенде Бейсен Жарқынбаевтыкі дұрыс. Жерді пайдалануға барлық құжаттары рәсімделген.
Осыдан кейін «Қаңтарбай» учаскесіне егін егуге рұқсат берген басшылармен де сөйлесіп, жердің сызбасын көріп, архивтерді ақтарған болатынбыз.
– Мен жер инспекторы Т.Батырбековке «бос жатқан жерді бер» деп тапсырғанмын. Ал шешім шығару біздің құзырымызда емес, – дейді Борлысай ауыл округінің бұрынғы әкімі Құрман Бердалиев.
Бағлан БАЛТАЕВ
Тілші түйіні:
Міне, журналисттік зерттеуіміздің нәтижесі осындай. Бүгінде Ақтас ауылының адамдарының пікірі екіге жарылып тұр. Бірі Бейсендікі дұрыс десе, екінші жақ Шернияздың айтқаны шындық дейді. Ал біз екі жақтың да бір шешімге тоқтап, «келісіп пішкен тон келте болмас» деп атам қазақ айтқандай, келісімге келіп, мәселені ушықтырмай, өзара заң шеңберінде уағдаласқандарын құптаймыз.