Заңгерге сұрақ. «Көршім үйінде жиі темекі тартып, иісі бізге жетеді. Не істесем болады?»

1693

Көршіңіз үйінде таңнан кешке дейін темекі тартып, оның иісі сіздің үйіңізге дейін жете ме? Бұл көпқабатты үйлерде тұратындар үшін таныс жағдай болуы мүмкін. Әсіресе жаз айларында ашық тұрған терезеден келген темекі иісі бүкіл үйді алуы ғажап емес. Мұндай жағдайда не істей аласыз?

Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, өкінішке орай, заң тұрғысында бұған тыйым салынбаған. Себебі көршіңіздің  үйі – өз меншігі болғандықтан тосқауыл бола алмайсыз. Ал қоғамдық орындарда, автокөліктерде, дансаулық сақтау ұйымдарында, балалар ойнайтын алаңшаларда, театрларда, тағы да басқа халық көп жүретін орындарда темекі шегуге қатаң тыйым салынады.

Жұмыс орындарында жұмыс беруші тарапынан темекі шегуге арналған арнайы орындар жасалып, жұмыскерлерге және келуші азаматтарға  тек сол жерде шегуге рұқсат етілген. Заң талаптарын бұзып, қоғамдық орындарда темекі тартатын болсаңыз, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 441-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келетінін білгеніңіз жөн. Осы жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса,  жеке тұлғаларға 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Егер қоғамдық орындарда темекі тартып, алайда тұқылын тастамасам, айыппұл салынбайды деп ойласаңыз, қателелесіз.