Облыстағы судьялардың 10 пайызы мемлекеттік тілді мүлде білмейді. Тағы 15 пайызы толық меңгермеген. Соның салдарынан соттың төрағалығымен істерді толықтай қазақ тілінде қарау мүмкін болмай отыр. Қазіргі шама жартысынан сәл-ақ асады. Дегенмен, бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда сәл де болса дұрысталған. Облыстық сотта өткен дөңгелеу үстелде осындай мәлімдемелер жасалды. Бұл шара Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Облыстық соттың 10-ға тарта судьясы мен жеті мемлекеттік қызметкері Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық коледжінде мемлекеттік тілді оқыту курсынан өтті. Ондағы мақсат — олардың қазақ тілін үйрену деңгейін жақсарту. Бүгінгі дөңгелек үстелде осы курсты бітіргендерге арнайы сертификат табысталды.
Халида Альдикова да мемлекеттік тілді меңгеруге тырысқандардың бірі. Бірақ үш айдың әр аптасында 2 мәрте ұйымдастырылған курстың нәтижесі көңіл көншітпейді. Мұны тіл жанашырлары да мойындап отыр. Оған алынған сұқбаттан-ақ көз жеткізуге болады.
Сертификатты табыстаған колледж директоры бұл тұрғыда өз уәжін айтып, ағынан жарылды. Судьяларды оқытуда үш айлық мерзім жеткіліксіз дейді ол.
Облыстық соттың төрағалығы сот жүйесін толығымен қазақшаландырғысы келеді-ақ. Бірақ оған әкімшілік және қылмыстық істерді қарауға түскен талап-арыздар кедергі. Яғни, құзырлы органдар хаттамаларды орысша толтыратын көрінеді. Ал шағым қай тілде түссе, істі сол тілде қарау қажет.
Мемлекеттік тілді меңгеру үшін арнайы курс ұйымдастырып, түрлі шаралар жасағанмен, қорытындының көңіл қуантарлығы шамалы. Бұл — Конституцияда мемлекеттік тілді меңгеру жағы басым бағытпен көрсетілсе де, оған менсінбеушілікпен қарау немесе оның қажеттілігін ұғынбаудың салдары. Сондықтан сот жүйесі қызметкерлерінің қазақ тілін білу шартын заңға арнайы енгізу керек дейді жиналғандар.