Шымкентте тұрып, құдықтан су ішетіндер бар

256
М.Мақатаев және А.Махмұдов көшелерінің қиылысы
М.Мақатаев және А.Махмұдов көшелерінің қиылысы

«Қызылжар» елдімекеніндегі Абдулла Махмұдов көшесінің тұрғындары жол азабын 30 жылдан бері тартып келеді. 21-ші ғасырда тас төселіп, асфальтталған көшеде тұрсақ деген тілегімен олар талай табалдырықты тоздырған. Алайда, нақты жауап ала алмады. Биыл мұнда жол құрылысы басталғанда қуанған олардың үміті орта жолда үзілді. Жол соңына дейін жөнделмеген.

Сусары Нарымова, «Қызылжар»елдімекенінің тұрғыны: «Бұл жердің әкімінен де пайда жоқ. Алдына қанша барсақ та жауап бермейді. Жақында «Нұр Отанға» бардық. Енді ол жақтан да шешім болмаса Елбасының  өзіне хат жолдаймыз. Басқа амалымыз жоқ».

Тұрғындардың шақыруымен тілшілер келіп, бейнетаспаға түсіре бастағаннан кейін ғана М.Мақатаев пен А.Махмұдов көшелерінің қиылысына құрылысқа жауапты азаматтар жинала бастады. Олар ашынған халықтың айқайынан кейін ғана мәселенің мән-жайын анықтауға құлық танытты.

Құтжанов Мұрат, ТҮКШ нұсқаушысы: «Жолаушы тасымалдайтын көлік жүретін жолдарды ғана жөндедік. Ал бұл Махмұдов көшесін, Мақатаев және Ермет-ата көшелерін қосып тұратын болған соң ғана жартысын жасап кеттік. Ал екінші тараптағы көшелерді келесі жылға қалдырдық».

Елдімекендегі көшелерді асфальттау жұмыстарына бюджеттен 148 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа 6 жарым шақырым жол жөнделген. Биыл жсопарда Ермет-ата және Мұқағали Мақатаев көшелерін жөндеу ғана бар дейді жауапты азаматтар. Ал сметалық құжатқа енбей қалған Абдулла Махмұдов көшесіне асфальт тек жарым-жартылай ғана жөнделді. Сонда оған қаржының қалай бөлінгені түсініксіз.

Абдулла Махмұдов көшесінің осы бір қиылысындағы 20 шақты үй ауызсуға да зәру. Жазда құдықтан су тартып, күн суыта қалса ауызсуды сатып алып ішеді. Кейде ол да болмай қалады дейді мұндағылар.

Күн суытса, не істейміз деген тұрғындардың проблемалары тағы да шешусіз қалды. Қызылжарлықтардың биыл да коммуналдық түйткілдерден көз ашпасы анық.