Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры 79-маусымының шымылдығын түрді

959
Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры 79-маусымының шымылдығын түрді

«Мен ішпеген у бар ма?!». Осылай аталған тұщымты қойылым өңіріміздегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының 79-шы маусымының шымылдығын түрді. Ақиық ақын Иран Ғайыптың бұл қойылымында Абайдың өмір сүрген ортасы ашық көрініс тапқан. Ащы шындықты бүкпесіз-боямасыз жеткізетін көрініс — тіпті Оразбайдың ұтымды қулықтары да шебер жазылған.

Мариям Бақытжанқызы, көрермен: “Расында, бұл қойылымды көрген сайын Ұлы Абайдың дәуірінде жүргендей күй кешемін. Сондықтан, театрдың 79-шы маусымы ашылады дегенді ести сала, бүгінгі қойылымды асыға күттім. Енді міне, білікті-талантты әртістердің шебер сомдауының арқасында қойылымға қанық болдық. Шеберлікті айтсаңшы! Әсіресе, Оразбайдың рөлін ойнаған Ошат Рахимов ағамыз бен Абайды сомдаған Сапарбай Өтемісұлының сөздері құлақ түбінен кетпейді”.

Марат Медеу, көрермен: “Жасыратыны жоқ, Абай турасындағы естеліктер тек мектепте оқып жүргенімде ғана ойымда түйетінмін. Жоғарғы оқу орынында жүргенімде де мамандығым сәйкесінше экономикалық болғандықтан, Ұлы Абай жайындағы немесе Абай еңбектерінен қол үздім. Себебі, күнделікті күйбелең тіршілік, содан соң жұмыс дегендей. Одан қалса бала-шаға қамы… Тағысын-тағылар. Ал бүгін сол балаларым, отбасыммен қойылымды ташалап отырмын. Міне, тамаша! Міне, ғажайып! Абайдың қасында жүргендей болдық. Жанына терең үңілдік. Надандықпен күрескен хакім Абайдың “Мен ішпеген У бар ма?!” деуінің де мәнісін ұқтық. Қарап отырсам, көрермендер залыннан ешқандай шуыл немесе дыбыс естілмейді. Барлығы да ұйып көріп, қойылымның шебер орындалуына тәнті болуда”.

Театр сахнасында 170-тен астам басты рөлдерді сомадаған өнер майталманы Сапарбай Өтемісұлы бұл күні Абайдың кейпіне енді. 52 жылдан астам өмірін сахнаға сарп еткен әртіс Ұлы Абайдың Ұлылығын көрсету оңай еместігін айтады.

Сапарбай Өтемісұлы, әртіс: “Қазақ десе, Абай есіме түседі. Абай десе, қазақ ойыма оралады. Себебі, Абай қазақ әдебиетінің алыбы! Күні

Сапарбай Өтемісұлы Абайдың рөлін сомдау үшін, ақын жанын меңгеру қажет дейді

бүгінге дейін данышпанның еңбектері ескіріп қалғанын көрген емеспін. Әрдайым қоғамның сұранысына ие. Қара сөздерінің өзін талдап қарасыңыз, Абай табиғатының ерекше әлем екеніне көз жеткізесіз. Жалпы айтқанда, мен Абайды сомадар алдын әрдайым қобалжимын. Ай бұрын дайындығымды бастап, күні-түні ой үстінде жүремін. Бүгінге дейін жазушы Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясын 6 рет оқып шықтым. Абайдың дүниетанымын, жанын терң ұғыну үші. Алайда, біз оның жанын ұғынуға әлі дәрежеміз жеткіліксіз. Біз – жай ғана тамшы болсақ, Абай – сырға толы мұхит! Қазақтың болашағын ойлап, адамгершілікке баулыған ақын! Сондықтан, ең бастысы сыншы-көрерменнің көкейіне Абай болмысын дұрыс жеткізу үшін әрдайым ізденіс үстінде жүремін. Себебі, Абай болу үшін ең бірінші оның жанын түсініп, табиғатын меңгеруің маңызды. Мен бақыттымын! Олай дейтін себебім, Абайдың рөлін сомдап, мұнда келген көрерменге Абай бейнесінде есте қалғаным үшін”.

Театрдың тылсым сырларын меңгерген Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртіс Ошат Рахимов бұл қойылымда қатігез Оразбайды сомдады. 50 жылға жуық өмірін театрдың тақымында өткізіп, халықтың құрметіне ие болған сахна саңлағы Абайға қарсы шыққан адамды ойнаудың өзі тәжірибені қажет етеді дейді.

Ошат Рахимов Ұлы Абайға қарсы шыққан Оразбайды сомдаудың өзі шеберлікті талап ететінін айтады

Ошат Рахимов, ҚР еңбек сіңірген әртіс: “ Әрине, Абайға қарсы шығып, оның адамгершілігене көз жұма қараған жанның рөлін сомдау да аса шеберлікті талап етеді. Ол үшін Абайдың дәрежесіндегі адам болу маңызды. Яғни, Оразбайдай бидің келбетін көпшілікке көрсете білу үшін де тәжірибенің рөл ойнайтынын айтқым келеді. Бұл қойылым екі тараптың хикаясымен ерекшеленеді ғой. Құнанбайдай тұлғаның айтқан уәждері де анық айтылады. Сондықтан, бұл қойылымға келушілер жас ерекшелгін талғамайды. Мәслен, көрермен залға көз жүгіртсем жастар мен үлкендер тарапы тең. Сайып келгенде, бұл өскелең ұрпақтың да қызығушылығын тудыратын қойылым болып отыр. Дәл қазіргі ғасырда жастолқынның кітапқа деген әуестігі жоғы жасырын емес. Сондықтан да кітап оқымайтындарға тек осындай көрініс көрсетіп, Абайдың болмысын, Оразбайдың надандығын таныту қажет дер едім. Әрине, залға лық толған көрерменді көріп Абай әрдайым халқының жүрегіне жасайтынын байқаймын. Бұл — осы сөзімнің  дәлелі”.

Театр тер төгуді талап етеді. Сондықтан, ел есінде мәңгі сақталар бейнелерді сомдау да таланттардың орны ерек. Өнер майталмандары осылайша Абайдың Ұлылығын көпшілікке көрсете алды. Сондай-ақ 18-қыркүйек күні театр сахнасынан жаңа қойылымның премьерасы тамашаланады деп күтілуде.