Жертөле тазаланбаса, су тоқтатылады

1019
қоқысқа толы жертөле

Сала мамандары осындай талап қойып отыр. Оған себеп — Шымкентте шайынды су ағатын кәріз құбырлары істен шыққан көпқабатты үйлер жетерлік. Солардың бірі — Шоқан Уәлиханов көшесіндегі шағын отбасыларға арналған 243-ші үй. Осыдан отыз жыл бұрын қолданысқа берілген үйдегі жағдай мүшкіл.

Бұл — Уәлиханов көшесіндегі №243 үй тұрғындарының кезекті айқай-шуы. Су толған жертөлені тазалау үшін бірі ақша жинаймыз десе, енді бірі сол ақшаны беруге қауқарсыз. Нәтижесінде үйдің ауызсусыз қалу қаупі бар.

Ұлмекен Мейірманқызы, Ш. Уәлиханов көшесіндегі №243 үйдің төрайымы:»Ауызбіршілігіміз жоқ.Егер бірлікте өмір сүрсек үйімізді осындай жағдайға жеткізер ме едік? Адамдардың санасы подъезд,шатыр, жертөле дегендер ортақ екенін түсінбейді.Енді жалынып тағы да он күн сұрап отырмыз, мамандардан.»

Жертөлеге кірмек түгілі, маңына жолау мүмкін емес. Мүңкіген сасық иістің өзі-ақ мұнда санитарлық талаптың ұмыт қалғанынан хабар береді. Кәріз шайындылары осы жерге жиналып, көлге айналған. Қауіп ауызсу құбырына төніп тұр. Сол себепті «Су ресурстары — Маркетинг» серіктестігі ауызсуды өшіруге мәжбүр.

Мақсат Батырханов, учаске бастығы:» Осыдан екі-үш күн бұрын келіп, жертөлені тазартуларын түсірдіргенбіз. Егер оны тазаламаса инвекция тарап кету қаупі бар. Жертөленің толғаны соншалық, қалдық шайындысы үйдің сыртына арықша ағып жатыр. Осы үй 5-6 жылдан бері біздің бас ауруымызға айналды. Енді суды өшіруге мәжбүрміз».

Айта кетейік, бұл үйде 66 отбасы тұрады. Оның 40 пайызы пәтер жалдаушылар болғанымен, бар кінә тұрғылықты тұрғындардың өзінен дейді үй төрайымы. Масаға таланып, кәріз қалдығының иісіне тұншығып, жертөлесі толып жатса да жөндеуге ақша жинамайтындар көп көрінеді. Ал мамандар енді он күнде суды тоқтатпасқа шарамыз жоқ деп отыр.

Әлия Мираманова, «Су ресурстары — Маркетиг» ЖШС зертханасының жетекшісі:»Біз бір емес, бірнеше рет ескерттік. Қалдықтар инфекция ошағына айналып барады. Сол себепті, тұрғындардың саулығы үшін суды өшіруге мәжбүрміз. Қанша жиналыс жасап, түсіндіріп жатырмыз, тағы да он күн беріп отырмыз. Егер жертөле тазаланбаса, суды өшіреміз».

Шырылдаған үй төрайымы тағы да он күн мұрсат сұрады. Сол аралықта жертөлені тазалап, кәріз құбырын ауыстырамыз деген уәдесін берді.