М.Сапарбаев көшесінің тұрғындары қысты қорқынышпен қарсы алуда

Калашников көшесі, М.Сапарбаев аялдамасы
М.Сапарбаев аялдамасы

Шымкенттегі М.Сапарбаев көшесінің тұрғындары қақаған қысты қорқынышпен қарсы алуға мәжбүр. Айтуларынша, жауын-шашын жауды дегенше көше бойында орналасқан үйлерді су басып қалу қаупі туындайды.

Жалпы, көше тұрғындарының шешімін таппаған мәселесі жалғыз бұл емес.

Жазда аялдама, қыста суға толы шылапшын. Көшеге жасалған жөндеу жұмыстарынан соң жергілікті тұрғындар М.Сапарбаев аялдамасына жете алмайтын боп қалған.Өйткені, құрылысшылар көше шетіне бөгет қойып, аялдама деңгейін көтермеген. Енді автобусқа мініп-түсетіндер қыстыгүні шалшық суға белшеден батуы мүмкін.

Валентина Малофеева, көше тұрғыны: «Шыдамның да шегі болады. Енді қашанға дейін күтуге болады. Жаңбыр жауды дегенше үсті-басымыз малмандай болайын деп тұр».

Мұндағы жұрттың тағы бір мәселесі – бағдаршамның жоғы. Жүк көліктері еркін жүйткитін бұл көшеден оқушы тұрмақ, ересек адам өте алмайды. Ал жақын арада мектеп бар. Сонда, балаларын сабаққа жіберген ата-аналар жанын шүберекке түйіп отырады.

Біржан ШЫНЫБЕКОВ, көше тұрғыны: «Өйткені, мұнда жасанды жол кедергісі жоқ. Мектеп болса, осы жерден 40 қадам жерде. Балаларымыз сабаққа кеткен сайын үрейленіп отырамыз».

Осы түйткілдерді тарқату үшін жергілікті жұрт құзырлы орындардың табалдырығын біршама уақыттан бері тоздырып келеді. Құрғақ уәдеге тойған тұрғындар енді хат жазуын да доғара бастапты. Десе де, қалалық коммуналды шаруашылық бөілімінің мамандары халықтың көңілі тоқ болсын, жақында бұл мәселе шешіледі деп сендірді.

Хамит ТӨЛЕНБАЕВ, ТҮКШ көлік секторының бас маманы: «Бұл мәселелер алдағы 2-3 аптаның көлемінде шешіледі. Аталған проблема бойынша «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-на тапсырмалар берілген».

Осылайша, тұрғындарға шенеуніктердің уәдесіне сенуден басқа амал жоқ. Ал құрғақ уәденің беріліп келе жатқанына жылдан асты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=G07ck6N4WWI[/youtube]