Оңтүстік боксшылары келесі кезеңде

Оңтүстік боксшылары келесі кезеңге өтті

Қазақ боксын бүгінде әлем мойындайды. Байрақты додалардан былғары қолғап шеберлеріміз несібесіз қайтып жүрген жоқ. Саф алтынды күреп алмасақ та, қоржынымыз бос қайтқан емес. Бізде осы спорт түріне көп көңіл бөлінуде. Ірілі-ұсақты қалаларда халықаралық додалардың тұсауы кесіліп, жас өрендерді табуға зор мүмкіндігіміз бар.

Қазақ боксының тізгінін мұнай магнаты Тимур Құлыбаев ұстағалы бері төл спортымыздың бойына қан жүгірді. Жер-жерде зәулім бокс сарайлары салынды. Осыдан екі жыл бұрын қазақ боксын дамытуда бұрын-соңды болмаған жоба қолға алынды. Бұл да Тимур Асқарұлының баянды бастамасы.

Қазақстан бокс федерациясының кубогі бәсекесі көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны рас. Еліміздің әр аймағын төрт топқа бөліп, кезең-кезеңімен мықтыларды анықтау дұрыс шешім екендігіне көзіміз жетті. Соның арқасында тасада жүрген, ауыл-аймақтың қалтарысында қалып қойған дарындарды табуға зор мүмкіндік туды.

Сайыста командалар «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік» және «Солтүстік» дивизионына бөлініп, алдымен әрбір төрт аймақ өзара мықтыларды сұрыптайды. Осы топтан суырылып шыққан төрт команда жартылай финалда, әрі қарай финалда жеңімпазды анықтауы тиіс. Алғашқы жобада Оңтүстіктің өрендері финалға дейін жеткен. Тек, шешуші сәтте Елорда командасына есе жіберген еді. Біздің жігіттерге ол кезде сәл ғана сәттілік жетіспей қалған. Былтырғы бәсекеде орта жолдан тоқтағанбыз. Ойламаған жерден қоңсы тараздықтар біздің алдымызды орап кетті. Ал биылғы турнир аса тартысты болғалы тұр. Өйткені, қауымдастық басшыларының шешімі бойынша, Лондон ойындарына қатысқан боксшылар да осы турнирде бақ сынайды. Ұлттық құрамадан тек Лондон олимпиадасының жеңімпазы Серік Сәпиевке демалыс беріліпті.
Ә дегенннен үшінші маусым басталып та кетті. Біз түскен «Оңтүстік» дивизионында осал ұжым жоқ. Қызылорданы айтпағанда, Жамбыл облысы мен Алматы қаласының қалыптасқан жеңісті дәстүрі барын көпшілік білуі тиіс. Бірақ Шымкенттің жуанжұдырық жігіттері де сайдың тасындай іріктелген. Тізімде Бейжің және Лондон олимпиадасына қатысушы, әлем біріншілігінің жүлдегері Біржан Жақыпов, халықаралық турнирдің жеңімпаздары Алмасбек Әлібеков, Асқар Абдуллаев, Нұрғазы Жүсіпов, Олжас Байниязов сынды саңлақтарымыз бар. Біз күткендей, алғашқы бәсекеде асығымыз алшысынан түсті. 13 қазан күні Таразда жергілікті боксшылармен қолғап түйістірген жерлестеріміз 6:4 есебімен жеңіске жетті. Жекпе-жекті көпшілік асыға күткен. Себебі жамбылдықтардың құрамында да алымды спортшылар жетерлік. Әлем біріншілігінің жүлдегері Ғани Жайлауов, кадеттер арасында әлем чемпионы Олжас Сәттібаев сынды сыралғы боксшылардан сескенетіндер көп. Аса шиеленісті өткен бәсекеде Оңтүстіктің жігіттері ширақ қимылдап, ширек финалға аман-есен өтті. Мұнымен босаңсуға болмайды әрине. Енді 27 қазанда Алматы қаласы құрамасының әуселесін байқаймыз. Айта кетейік, өз кезегінде алматылықтар Қызылорда облысының командасын 7:3 есебімен қапы қалдырды.