Шымкентте бес облыстың ардагерлері бас қосты

Еліміздің бес облысынан жиналған қариялар өз өлкесінің атынан бір-бірден арша ағашын екті
Еліміздің бес облысынан жиналған қариялар өз өлкесінің атынан бір-бірден арша ағашын екті

Шымкентке бес облыстың ардагерлері келді. Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысы, Алматы қаласы және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген 100-ге жуық ақсақал істің басын Дендросабақта ағаш отырғызудан бастады. Әр облыстың атынан егілген 5 түп аршаны еккен қазыналы қарттар мұнда 3 күн болады. Арнайы ақсақалдар семинарына қатысуға келген олар, ардагерлерге жасалып жатқан медициналық көмек, әлеуметтік жағдайлар мен олардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі жайлы әңгіме өрбітпек.

Жеңісбек Мәуленқұлов, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Басты мақсат – ардагерлер кеңесі ел мен елді танып, елдің істеп жатқан ісін өз өлкесіне жеткізу болса, екінші кезекте өздеріне жасалып жатқан жағдайларды көзбен көру болып табылады. Үшіншісі бұл жастардың тәрбиесіне қатысты. Еліміздің ынтымағы, бірлігі, жастардың тәрбиелелігі – осы жәйттердің бәрін біздер ортақ басқосуда ойталқыға салатын боламыз».

Республикалық ардагерлер кеңесінің өтінішімен мұндай шара облыста алғаш рет өткізіліп жатыр. Қариялар 16 қазан күні түске дейін семинарға қатысады. Онан кейін шаһардың тарихи, көрікті жерлерін араламақ. Іс-сапар барысында ардагерлер Түркістан, Отырар қалаларына да саяхаттайтын болады.